Атырауда Instagram арқылы бірнеше қаланың тұрғындарын алдаған күдіктілер ұсталды

Azattyq Rýhy

Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Атырауда Instagram арқылы бірнеше қаланың тұрғындарын алдаған күдіктілер ұсталды
Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі

Атырауда Instagram арқылы бірнеше қаланың тұрғындарын алдаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Департамент мәліметінше, 18 сәуірден бері «Anti-fraud» іс-шарасы өтіп жатыр.

«Атырау облысы полиция департаменті мен Талдықорған қалалық полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес қызметкерлері бірлескен жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде қылмыстық топты ұстады. Күдіктілер Instagram әлеуметтік желісінде жалған парақша ашып, Iphone телефонын алаяқтық мақсатпен саудалаған. Қымбат маркалы телефонды нарықтағы құнынан арзанға сатып алмақ болған тұрғындар ақшасын алаяқтарға аударған. Ал, алаяқтар ақшаны қолма-қол шығару арқылы дропперлерге, кейін өздерінің есепшотына аударып отырған», - делінген хабарламада.

Алаяқтарға алданған жәбірленушілер арасында Семей, Алматы, Астана, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау, Өскемен, Шымкент, Орал қалалары мен Ұлытау, Павлодар облыстарының тұрғындары бар.

Ұсталған 18 және 56 жастағы күдіктілер – Алматы қаласының тұрғындары.

«Күдіктілерден екі IPhone 14 және IPhone 12, IPhone 6s , Samsung, ноутбук, 12 SIM-карта, Beeline модемі, түбіртектер тәркіленді. Жәбірленушілерге келген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуық екені анықталды. Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-поцестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.