Түркістан облысында заңсыз балық аулаған браконьерлер 6 жылға сотталды
Балықшылардан қайық, электр қуатын күшейткіш құралдар мен заңсыз ауланған 150-ге жуық балық тәркіленді

Түркістан облысында заңсыз балық аулаған браконьерлер 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түркістан облысында заңсыз балық аулаған екі браконьерге қатысты сот шешімі шықты. Олар Шардара су қоймасының аумағында және Сырдария мен Арыс өзендерінің жағасында жүргізілген рейд жұмыстарының барысында қолға түскен болатын. Тәртіп сақшылары балық аулаушылардан қайық, электр қуатын күшейткіш құралдар мен заңсыз ауланған 150-ге жуық балық тәркіледі. Оның 50-ге жуығы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген «Түркістан қаязы» болып шықты.
«Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы бойынша тіркеліп, жинақталған материалдар сотқа жіберілді. Нәтижесінде сот қаулысымен заңсыз балық аулаған екі тұрғынға қатысты 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.