Жетісу облысында полиция ер адамның өліміне иттің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр
Оқиға орнында Панфилов аудандық полициясының жедел-тергеу тобы жұмысын жалғастыруда
Жетісу облысында полиция ер адамның өліміне иттің қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Аталған факт Жаркент қаласында тіркелді. Онда бүгін таңертең көшелердің бірінде 54 жастағы жергілікті тұрғынның мәйіті табылды. Ер адамның басында жануар жарақаттаған болуы мүмкін жырымдалған жаралар бар.
Жақын маңдағы жер үйде күшіктеген питбуль тұқымды ит анықталып, оның денесінде қан тәрізді қоңыр дақтар болды. Итті уақытша ұйықтатып тастады. Ер адамның ажалы шынымен де ит қапқаннан кейін болған-болмағаны қазіргі уақытта анықталып жатыр.
Оқиға орнында Панфилов аудандық полициясының жедел-тергеу тобы жұмысын жалғастыруда. Іс жүзінде қажетті сараптамалар тағайындалды.