Қостанай облысында 4 адамды кене шағып алды
Қауіпті жәндікке тап болғандардың үшеуі – 14 жасқа дейінгі балалар
Қостанай облысында 4 адамды кене шағып алды. Оның екеуі Аманкелді ауданында, қалған екеуі Жанкелдин ауданы мен Қостанай қаласында тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Қауіпті жәндікке тап болғандардың үшеуі – 14 жасқа дейінгі балалар. Оларға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді. Күн жылына санитарлық дәрігерлер мен Ұлттық сараптама орталығының қызметкерлері кене жинауға шықты. Жәндіктер арнайы зертханада тексеріледі. Оның қорытындысы алдағы 2-3 аптада мәлім болмақ. Кене инфекциясы бойынша Қостанай облысында жағдай қалыпты, дейді мамандар. Дегенмен, сақтанғанның артығы жоқ.
«Кене энцефалиті Қостанай облысында өткен ғасырдың 30-40-шы жылдары тіркелген. Содан бері жағдай тұрақты деуге болады. Алайда босаңсуға негіз жоқ. Өйткені Ресейдің көршілес кейбір аймақтары әлі күнге осы инфекцияның ошағы саналады.Сондықтан біздің өңірге ауысып келу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды», - деді облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық департаменті басшысының орынбасары Гүлім Досымова.