Алматыда айыппұл төлеуден қашқан жүргізушілерді ұстау басталды
Рейд бірнеше күнге жалғасады
Алматыда айыппұл төлеуден жалтарып жүрген, сөйте тұра жол ережелерін қасақана жиі бұзатын жүргізушілерді ұстау басталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Полицияның қолына алғашқылардың бірі болып тұрақты жол ережесін бұзып жүрген жігіт түсті. Полиция қызметкерлері құқық бұзушыны «Қорғау – Қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі арқылы анықтады.
«Алматы полициясы мемлекеттік жалған нөмір пайдаланатын, көліктерге арнайы белгі беру құрылғыларын орнатқан, көлікті мас күйінде басқарған және төленбеген айыппұлдары бар көлік жүргізушілерін анықтау және жауапкершілікке тарту бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп жатыр. Басқаша айтқанда, қауіпті жүргізушілерді ұстап жатыр»,– деді Алматы қаласы ПД ЖПҚБ бастығы Ержан Ұзабаев.
Осы жаңа құрылғының көмегі арқылы соңғы уақытта 4 мыңнан астам қауіпті жүргізуші анықталған. Бұл жолы ұсталған Hyundai көлігінің иесі қасақана жол ережесін жиі бұзып, өзге жолаушылардың өміріне қауіп төндіріп жүрген. Камера арқылы ол жүргізушіге 340 мың теңге айыппұл салынған. Алайда ол айыппұлды төлеуден жалтарып жүрген. Көп жағдайда жүргізуші жылдамдықты бұзған. Құқық бұзушының көлігі мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
«Азаматтарға әкімшілік айыппұлдарды уақытылы төлеуді ұсынамыз және тағы да жол қозғалысы ережесін қатаң сақтау керек екенін ескертеміз», – деді Ұзабаев.
Рейд бірнеше күнге жалғасады.