Алматы облысында Асқар Забикулин атындағы әскери-патриоттық клуб ашылды
Клубты ашудағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық тұрғысында тәрбиелеу
Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында Астанада бірнеше адамның өмірін құтқарып қалған өрт сөндіруші Асқар Забикулин атындағы «Жас өрт сөндірушілер» әскери-патриоттық клубы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға батырдың жұбайы, туыстары мен достары қатысты.
Клубты ашудағы мақсат – өскелең ұрпақты азаматтық-патриоттық тұрғысында тәрбиелеу. Болашақта әскери-патриоттық клубты толыққанды бейінді сынып ретінде қалыптастыру жоспарланып отыр.
Шараның ашылу рәсімінде Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің құттықтауының видеотрансляциясы жасалды. Ведомство басшысы Алматы облысы Білім басқармасының қызметкерлеріне, Абай атындағы мектеп-гимназияның педагогикалық құрамына, ата-аналар ұжымы мен оқушыларға өскелең ұрпақты тәрбиелеу мәселелерінде атқарып отырған жұмыстары үшін зор алғыс білдіріп, жаңа жетістіктер тіледі. Сондай-ақ балалардың еліміздің лайықты азаматтары атануына тілектестігін жеткізді.
Бұдан бөлек, бірқатар ұстаздар мен облыстық Білім басқармасының лауазымды тұлғаларына ТЖ министрінің алғыс хаттары табыс етілді.