«Жалақысы төмен»: Президент ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтуды ұсынды
Мемлекет басшысы негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет екенін айтты
Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы қазақстандық ғалымдардың жалақысы мәселесін қозғады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ғалымдардың мәртебесін дәйекті түрде көтеріп, оларды әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ету шараларын күшейтуіміз қажет. Осы мәселеге байланысты академиктердің пікірімен келісемін. Ол үшін жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер қызметкерлерінің ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1,5 есе арттыру қажет. Сонымен қатар «күрішті күрмектен» айыра білуіміз керек. Көмекке, әсіресе материалдық тұрғыда қолдауға лайық нағыз ғалымдар жеткілікті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол сондай-ақ ғылыми атақтары бар, бірақ ғылымға еш қатысы жоқ ғалымдар туралы тоқталып өтті.
«Ондай ғалымдар туралы кейінірек айтамын. Олар бұл атаққа тек әкімшілік, саяси қызметінің арқасында қол жеткізген. Сондықтан оларды шын ғалымдармен шатастырмайық. Ғылымда кездсейсоқ жүргендерден гөрі, нағыз ғалымдарға бөлінетін қаржыны ұлғайтқанымыз жөн», - деді Президент.
Оның айтуынша, қазір көптеген ғылыми мекеменің материалдық-техникалық жағдайы мәз емес.
«Тіпті нашар деуге болады. Ғалымдардың жалақысы төмен. Сол себепті кейбір дарынды ғалымдарымыз шетелдің ғылыми орталықтарында жұмыс істегісі келеді. Мұны ашық айтуымыз керек. Сондықтан негізгі ғылыми-зерттеу институттарын бюджеттен тікелей қаржыландыру қажет. Олардың инфрақұрылымы жаңғыртылып, заманауи зертханалар салынуға тиіс. Ғылыми зерттеу институттарының жұмысы қаншалықты тиімді екеніне талдау жасау керек. Жас ғалымдар онда ықыласпен жұмыс істеуі үшін жағдай жасау қажет», - деді ол.