«Ғылымның озық саласында артта қалдық»: Тоқаев нано және биотехнология туралы
Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздіктер жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі ахуалды сипаттау үшін мына мәселелерге тоқталып өту қажет. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Ал ішкі жалпы өнімдегі ғылымның үлесі, керісінше, 0,13 пайызға төмендеді. Бұл қаражаттың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы бюджеттен бөлінеді. Сондай-ақ ғылымның түрлі саласын қаржыландыру ісінде өте үлкен теңсіздік бар. Қаражаттың 82 пайызы іргелі және қолданбалы ғылымға жұмсалады. Қалған 18 пайызы ғана тәжірибелік-конструкторлық зерттеулерге арналған. Елімізде ғылыми зерттеулерді іске жаратып, қолданысқа енгізетін өндіріс өте аз. Кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз», - деді Президент Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысы сондай-ақ нано және биотехнологияға негізделген өндіріс елімізде мүлде жоқ екеніне тоқталды.
«Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», - деді Қ. Тоқаев.