«Казиноларды Қапшағай мен Щучинскіге көшіру мәселені шешпеді»: депутат құмар ойын туралы

Azattyq Rýhy

Ол атағандай, құмар ойынға тәуелді адамдар ауыр қылмыстарға барады

«Казиноларды Қапшағай мен Щучинскіге көшіру мәселені шешпеді»: депутат құмар ойын туралы

 

Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Мәжілістің жалпы отырысында құмар ойын мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жастардың құмар ойындарға тәуелділігінің артып бара жатқанына алаңдаушылық білдіріп, қазақстандықтарды құмар ойындардың құрығынан қорғау шараларын қабылдауды баса айтқан болатын.Казиноларды қақсап жүріп Қапшағайға, шулап жүріп Щучинскіге көшіргенмен, мәселе өз шешімін толық таппады. Құмар ойынға әуестердің казино мен букмекерлік компанияларға жұмсайтын қаражат көлемі жаға ұстатады. 2022 жылы құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу бойынша қызметтер көлемі 553,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 52 млрд теңгеге артып кеткен және 2020 жылмен салыстырғанда 6,2 есеге (89,7 млрд. теңге) жоғары»,- деді депутат.

Құмар ойындарды ұйымдастыру және бәс тігу – қызмет көрсету көлемі бойынша жылжымайтын мүлікті рәсімдеуден, (2,6 есе), сәулет, инженерлік ізденістер, техникалық сынақтар және талдау саласындағы қызметтен (1,7 есе), компьютерлік бағдарламалау мен консультациялық қызметтерден (1,4 есе) кейінгі орында тұр.

«AMANAT» партиясының «Қоғамдық саясат институтының» жасаған әлеуметтік зерттеуде халықтың 73,7 пайызы лудоманияға қатты алаңдаулы екенін айтқан. Респонденттердің 66,1%-ы  ойынқұмарлықты тәуелділік деп санаған. Бұл ретте, респонденттердің 61%-ы, әсіресе, ауыл тұрғындары (65,5%) Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің жұмысына қатаң тыйым салу қажеттігін құптаған. Бүгінгі таңда букмекерлік кеңселер өз қызметін жарнамалауға және қазақстандықтарды құмар ойындарға барынша көп тартуға миллиондаған теңге жұмсап отыр. Олардың теледидарда, радиода және интернетте жарнамасы қызып тұр. Еліміздің жетекші теле-радио арналары отандық және шетелдік спорт таранслияциясы кезінде буын бұрқыратып букмекерлік кеңселерді жарнамалауда. Бұдан бөлек, қоғамдық орындардағы ешқандай жауапты органдар бақыламайтын лотерея терминалдары болашағына балта шабуда. Кәмелетке толмаған, буыны қатпаған бүтін бір ұрпақ сол темір терминалдарды құрсауында жүр. Ал бұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 444-бабының 2-бөлігінің талабы бойынша тыйым салынған»,- деді Әшімжан.

«AMANAT» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында жарнамасына толық тыйым салу арқылы қазақстандықтарды қаржы пирамидаларынан, онлайн-казинолардан және басқа да қауіпті құмар ойындардан қорғауды жауапкершілігіне алған.

«Әлемдік тәжірибеде, құмар ойындарды жарнамалауға тыйым салу шараларын қабылдауға ниетті тек Қазақстан ғана емес. Мәселен, Италия 2019 жылы құмар ойындар мен букмекерлік компанияларды жарнамалауға тыйым салды. Әзірбайжанда 2021 жылдан бастап құмар ойындар, бәс тігу мен лотереяларды жарнамалауға тыйым салынды, ал Бельгия үкіметі 2023 жылдан букмекерлік кеңселер мен құмар ойындарды жарнамалауға біртіндеп тыйым салу туралы заңдар қабылдады.«Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген. Біздің бесігіміз – жастар! Ал сол елге еге болады деген жастарымыз қоғам жылуын сезінбегендіктен есігі айқара ашық құмар ойындардың ошағындағы отқа жылынып жүр»,- деді ол.

Ол букмекерлік кеңселерге банкрот деп танылған тұлғалардан және қолданыстағы несие бойынша 3 айдан астам уақыттан бері төлем жасай алмаған тұлғалардан онлайн және офлайн бәс тігуді қабылдауға қатаң тыйым салу керек дейді.

«Қаржы пирамидаларын, онлайн-казиноларды және басқа да қауіпті құмар ойындарды жарнамалауға толық тыйым салу туралы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу керек. Елде тыйым салынған, бірақ соған қарамастан интернетте кездесетін электрондық казинолардың жарнамалық қызметін бақылауды күшейту қажет. Супермаркеттер мен қоғамдық орындарда самсап тұрған «Lotomatic» секілді әртүрлі лотерея терминалдарын орнатуға және лотерея билеттерін таратуға қатаң тыйым салу керек»,- деді ол.

Депутат жетекші теле-радио арналар мен интернет-порталдарда құмар ойынды насихаттайтын жарнаманың барлығына сыйым салу керегін жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.