Энергетика министрі жаңа заңды таныстырды
Заң жобасы жылу энергетика саласындағы жауапкершілікті қайта бөлуді көздейді
Мәжілісте жаңадан тағайындалған Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасын таныстырды, деп хабарлады Azattyq Ruhy тілшісі.
«Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы Азия даму банкі халықаралық сарапшыларын тарта отырып техникалық қолдауымен әзірленді. Бүгінгі таңда «Жылу энергетикасы туралы» жеке салалық заң жоқ, сол заңның болмауынан туындаған, осы салада стратегиялық мақсаттар мен даму жоспарларының болмауы, саланың инвестициялық тартымдылығының болмауы, кәсіпорындардың тиімділігінің болмауы сияқты көптеген проблемалардың туындауына әкелді. Осы мәселелерді реттеу мақсатында министрлік Азия даму банкі тартқан халықаралық сарапшылардың техникалық қолдауымен осы заң жобасын әзірледі», - деді ол.
Сәтқалиев атап өткендей, заң жобасы жылу энергетикасы саласындағы саясат үшін құзыреттер мен жауапкершілікті қайта бөлуді көздейді.
«Энергетика министрлігіне қазіргі уақытта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жүзеге асыратын жылу энергиясын тасымалдау функциясы бекітіледі. Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа жататын жылу энергиясын елді мекендердің тұтыну бөлігінде жылумен жабдықтау жүйелеріне жауапты болады. Сонымен қатар, заң жобасында жылу желілеріндегі бақылау функциялары нормалары ЖАО-дан Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне ауысуына көзделген», - деді Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, заңның негізгі аспектісі жаңа құралды – жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарын енгізу.
«Мастер-жоспар аумақтарды дамыту, тұрғын үй құрылысы, халық санының серпіні, өнеркәсіпті дамыту жоспарлары мен бағдарламаларымен және басқа да факторлармен өзара байланысты жылу энергетикасының жоспарлы үдемелі дамуын қамтамасыз етуге арналған. Айта кету керек, мастер-жоспарлар елді мекендердің техникалық бөлігі бойынша дамуын ескере отырып, жылу желілерінің дамуын және жылу көздерінің қажетті жылу қуатын ғана емес, сонымен қатар осы мәселенің экономикалық жағын да ескереді. Жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарлары ЖАО деңгейінде әзірленеді және бекітіледі», - деді ол.
Алмасадам Сәтқалиев осы тетікті сынақтан өткізу аясында АДБ тартқан халықаралық сарапшылар бүгінде Қарағанды облысы Шахтинск қаласының матер-жоспарын әзірлеу бойынша пилоттық жоба іске асырып жатқанын атап өтті.