«Сөйле» тілдесу үйірмелері қатысушыларының саны артып келеді
Тілдесу клубтарына кез-келген азамат қатыса алады
Осы жылдың қаңтар айында басталған «Менің елім-менің тілім» жобасы сәтті жүргізілуде. «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйытқы болған жоба Қазақстанның көптеген аймақтарында жалғасын табуда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жоба аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында «Сөйле» тілдесу үйірмелері ашылды. Келушілер саны 500-ге жуық адамды құрайтын «Сөйле» клубтарының ауқымы күн өткен сайын артуда.
Қазақ тілінің мәртебесін арттыру, насихаттау мақсатында іске қосылған тегін жоба көпшіліктің көңілінен шығып үлгерді. Мәселен, Петропавл қаласында «Сөйле» үйірмесінің аясында қатысушылармен ашық сабақ өтті. Онда түрлі лайфхактар, ерекше форматта түсіндіру мен оқыту болды.
Ашық сабақты Петропавл қаласында өткізуіміздің өзіндік ерекшеліктері бар дейді Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев:
«Мағжан Жұмабаев жерінде «Менің елім-менің тілім» жобасы айрықша маңызға ие болып отыр. Тренинг өтіп жатқан кітапхана іші де бүгін лық толы. Мұнда әр түрлі ұлт өкілдері жиналғанмен, олардың мақсат, мүдделері бір. Ана тіліміз – қазақ тілін үйреніп, оның мәртебесін, қолданыс аясын арттыру үшін бас қосуда десем қателеспеймін. Тілдің беріктігі нығайса, еліміздің тұтастығы мен бірлігі де күшейе түспек. Тіл мәселесі қоғамда өзектілігін жоғалтқан емес. Төл тіліміздің айналасында туындап жатқан сұрақтар, мәселелермен күресуде, оның салдарын жоюда Жастар қанаты қолдан келгенше жұмыс жасайтын болады. Әр қазақстандықтың міндеті – туған тілін қастерлеу, құрмет таныту болса, рухты жастардың парызы соған себепкер болу екенін атап өткім келеді»-, деді Нұржан Жетпісбаев.
Ал, жоба инфлюенсері, тіл жанашыры Яков Федоров қазақ тілін үйренемін деп, төл мәдениетімізге қызығушылық та артуда дейді.
«12 аймақта жүргізіліп жатқан «Сөйле» тілдесу үйірмелеріне біз түрлі санаттағы азаматтарды жинадық. Үйірменің оқутушылары да тілді өздігінен үйреніп, меңгерген өзге ұлт өкілдері. Олар мүмкіндігінше қарапайым, оңай деген тәсілдермен оқытуда. Үйренемін, білемін деген адамға ешнәрсе кедергі емес деп ойлаймын. Сол сияқты біздің қатысушылар да шын ниетімен қазақша сөйлеп, ойлай алсам деген адамдар. Қазақша үйреніп бастағандар арасында отандық мәдениетке, дәстүрге қызығып, әуесқой зерттеп жүргендері де бар. Бұл жерден тіл мен мәдениет әрқашан бір-бірімен тығыз байланыста екенін анық байқадық. Тілмен қатар мәдениетті насихаттауға септік етіп, жақсы бастамаларға себепші болғанымызға қуаныштымыз»,- дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, «Сөйле» тілдесу клубтарына кез-келген азамат қатыса алады. Толық ақпарат @jastar_ruhy Instagram парақшасында.