Финляндия бүгіннен бастап ресми түрде НАТО-ға мүше болады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұған дейін Финляндияның альянсқа кіруіне Түркия тосқауыл қойып келген болатын

Фото ашық дереккөзден

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг сейсенбі күні Финляндияның НАТО-ның 31-ші мүшесі болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз НАТО штаб-пәтерінде алғаш рет Финляндия туын көтереміз. Бұл Финляндияның, Солтүстік Еуропаның және жалпы НАТО-ның қауіпсіздігі үшін жақсы күн болып отыр. Енді Швеция да біршама қауіпсіз бола түсетін болды», - деді Столтенберг.

Айта кетсек, Түркия соңғы уақытқа дейін Финляндияның альянсқа кіруіне тосқауыл қойып келген болатын: Анкара екі Скандинавия елін террорлық ұйым деп санайтын Күрдістан жұмысшы партиясының (PKK) мүшелерін, сондай-ақ түрік билігі 2016 жылы төңкеріс жасау әрекетін ұйымдастырды деп айыптап отырған Фетхуллах Гүленнің жақтастарын паналап отыр деп айыптады.

Швеция өткен мамырда Финляндиямен бір мезгілде НАТО-ға кіруге өтініш білдірді, бірақ Түркия оған қатысты шағымдар айтып, бұл елдің де кіруіне тосқауыл болып отыр.

НАТО-ға кіретін кез келген ел үшін оның барлық мүшесі қолдап дауыс беруі тиіс.