Бүгін еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады
Кей өңірлерде қатты жел тұрып, шаңды дауыл болады

«Қазгидромет» РМК 4 сәуірдегі ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің болжамынша, еліміздің басым аумағына антициклон жотасы өз әсерін тигізеді, осыған байланысты жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Тек еліміздің оңтүстігінде, күндіз оңтүстік-шығысында фронтальды бөлімдердің өтуімен жаңбыр, оңтүстігінде найзағаймен қатты жаңбыр жауады. Республика бойынша оңтүстік–шығыста өте қатты жел, оңтүстікте шаңды дауыл, батыста, оңтүстік-шығыста тұман түседі.
Түркістан облысының таулы аудандарында қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Жетісу облысында, түнде Жамбыл облысында екпіні 30 м/с және одан аса болатын қатты жел сақталады.
Түнде Алматы, Жамбыл Жетісу облыстарында 1-6 градус суық сақталады.