Integrity check: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлердің парасаттылығын анықтайтын болады
Ілкі жобаның алғашқы кезеңінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 700-ге жуық қызметкерін парасаттылыққа тексерген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлықпен күресудің 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткені белгілі. Тұжырымдаманың басты мақсатының бірі ретінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлердің парасаттылығын тексеру тетігін енгізіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл тетіктің түпкі мақсаты - сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Яғни, президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы тұжырымдаманы бекіте отырып, ұзақ уақыт бойы Қазақстанның құқық қорғау органдары мәселені терең зерттеместен, пара алғандарды тек қылмыс үстінде ұстап келгенін алға тартты.
«Жемқорларды тұрақты түрде ұстап, түрмеге тоғытып отырған. Ал сыбайлас жемқорлықтың белең алуына қатысты себептер мен жағдайлар ешкімді қызықтыра қоймаған. Сондықтан, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейту керек. Бүкіл қоғамды жемқорлықпен күресуге жұмылдыру қажет. «Жемқорлық – індет, онымен күресу – міндет» қағидатын баршаның санасына сіңіру бүкіл мемлекеттік органның ортақ жұмысы болуға тиіс. Барлық мемлекеттік орган жұмыстың жаңа форматына белсенді кірісіп, оларды іс жүзінде қолдануы керек», - деген еді Тұжырымдаманы бекіте отырып президент.
ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ПАРАСАТТЫЛЫҒЫН ТЕКСЕРУ ТӘСІЛІ ТИІМДІ МЕ?
Бұл сұраққа жауап берген Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов қазір агенттік ілкі жоба ретінде жүзеге асырып жатқан Integrity check, яғни, қызметкерлердің парасаттылығын тексеру тәсілі туралы баяндады.
«Мемлекет басшысы тұжырымдаманы бекіте отырып осы тетікті халықаралық тәжірибеде жақсы нәтиже көрсеткен тәсіл ретінде атап өтті. Әлемдік тәжірибеде парасаттылыққа тексеру тәжірибесі жалпы гуманизмнің көрінісі ретінде бағаланған, өйткені, бұндай тәсілмен тексерілгенде анықталған заң бұзушылық үшін қылмыстық жаза көзделмеген. Дегенмен, бұл бақылаудан өте алмаған қызметкер жұмыстан босатылады. Яғни, бұл тәсіл арқылы біз мемлекет пен халық мүддесіне зиян тигізуі мүмкін қызметкерлерді анықтаймыз», - дейді бұл мәселеге қатысты пікір білдірген Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Малахов.
Жалпы, айта кететін мәселе, Қазақстандағы құқық қорғау органдарының арасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі парасаттылықты тексеру жөніндегі осы тәсілді ілкі жоба ретінде қолданысқа енгізген алғашқы орган. Integrity check тестілеуінің басты міндеті – сыбайлас жемқорлықтың кез келген белгісіне нөлдік төзімділік, яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа баруы мүмкін қызметкерлерді анықтау. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жеке қауіпсіздік департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Серік Құлажанов мәліметіне сенсек, ілкі жоба аясында қазірдің өзінде жеті жүзге жуық қызметкер тексеруден өткен.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі өз қызметкерлерін парасаттылыққа тексеру үшін 26 кейс әзірледі. Әуелі мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін, яғни, қызметі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жақын қызметкерлер тексеріледі. Жоба басталғаннан бері 642 тексеру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен оның аумақтық департаменттерінде жұмыс істейтін 669 қызметкер парасаттылық тестілеуінен өткен. Қазіргі таңда осы тексерулердің нәтижесінде, 130 қызметкер немесе тексеруден өткендердің 29 пайызы парасаттылық тестілеуінен өте алмады. Бұл қызметкерлермен қазір профилактикалық әңгімелесу өтіп жатыр. әрбір қызметкерге қатысты акт толтырылды. Сонымен қатар, бұл қызметкерлерге қатысты қайтадан тестілеу өтуі мүмкін екені ескертілді», - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Жеке қауіпсіздік департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Серік Құлажанов.
Оның пайымдауынша, профилактикалық жұмыстардың арқасында қызметкер үшін де, қоғам үшін де қауіпті болатын факторлардың алдын алуға мүмкіндік туады.
«Біздің жұмысымыздың тағы бір басым бағыты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Ілкі жобаның қазірден бастап көзге көрініп жатқан нәтижесі ретінде мынаны атауға болады – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдарының арасында үшінші тұлғалардың сыбайластық әрекеттері туралы дер кезінде хабар беріп жатқан қызметкерлердің саны артты. Жоба басталғаннан бері 65 қызметкерден осындай хабарлама алдық. Осылайша, парасаттылықты тексеру институтын енгізу бір жағынан қызметкердің жауапкершілігін арттырса, екінші жағынан тұтастай агенттіктің имиджін жақсартады», - дейді ол.
ІNTEGRETY CHECK МЕН ПРОВОКАЦИЯНЫҢ АРАЖІГІН ҚАЛАЙ АЖЫРАТУҒА БОЛАДЫ
Жалпы, бұл тәсіл Қазақстанның құқық қорғау органдарының бәріне енеді деген жоспар бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінен басқа, қазір Ішкі істер органдары да бұл тәсілді пробация ретінде байқап көріп жатыр. Ал, сарапшылар болса, бұл тәсілдің тиімді тұсынан басқа, тестілеуге қатысатын қызметкерлердің құқығын да жан-жақты қорғау маңызды деген пікірде. Яғни, кейбір жағдайда құқық қорғау органдарының қызметкерлерін осы тестен өткізу – оларды сыбайлас жемқорлық қылмысын жасауға провакациялаумен тең болуы мүмкін. Қылмыстық сот төрелігі саласындағы тәуелсіз маман Назгүл Ерғалиеваның айтуынша, Қазақстанда провокация үшін қылмыстық қудалау көзделген. Сондықтан, тестілеу нәтижесі бойынша соттардың шешім қабылдағанда қандай мәселелерге мән беруі керек екенін баяндап берді.
«Integrity check жобасын жеке талдап көрсек, жалпы жоба қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа итеретін провокация емес. Бірақ, оның қандай жағдайда провакация болатынын талдап көруге болады. Біріншіден, біздің елімізде Қылмыстық кодекс бойынша провакация жасауға болмайды. Дегенмен, біраз елдерде провокацияға былайша тыйым салынғанмен, қылмыстық қудалау жоқ. Ал, бізде қылмыстық жаза көзделген. Сондықтан, осы мәселенің аражігін ажыратып алу өте маңызды. Халықаралық соттар болсын, ұлттық соттар болсын, integrity check тәсілін енгізу мәселесін қарастырғанда, ең алдымен бұл тәсілдің провокациядан қандай айырмашылығы бар екенін зерттеген. Осылайша, осы екеуінің аражігін ажырататын бірнеше стандарт әзірленген. Оның біріншісі – integrity тест жасау заңнамада көзделген болуы керек деген стандарт. Ол заңнама осы тестілеуге қатысқан қызметкерлердің құқығын, тестпен келіспеген жағдайда не істеуге болатынын жіктеп жазған. Екіншіден, тестің нәтижесіне және салдарына шағым түсірудің жолы бекітілген. Сондай-ақ, соттар бұл тестілеуге қатысқан әрбір адамның нәтижесі жеке қаралуы керек деген қорытындыға келген. Халықаралық тәжірибе бойынша, integrity тестен өту туралы алғашқы қадамды қызметкер жасауы керек. Ал, егер ол қызметкерді тексеру туралы ұсыныс құпия агенттен түскен болса, бұл істе провокация бар ма, жоқ па дегенді анықтап алу керек», - дейді сарапшы.