$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында жыл басынан бері 16 адамның қызылша жұқтырғаны анықталды

Науқас балалар бұған дейін қызылшаға қарсы екпе алмаған

Түркістан облысында жыл басынан бері 16 адамның қызылша жұқтырғаны анықталды
Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысында жыл басынан бері қызылшаға күдікпен 16 жағдай тіркелді, оның 15-і зертханалық дәлелденген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Денсаулық министрлігінің хабарлауынша, қызылша ауруына шалдыққандардың негізгі бөлігі – балалар.

«Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының тұрғындары. Науқас балалар бұған дейін қызылшаға қарсы екпе алмаған. Науқастармен қарым-қатынаста болған азаматтар медициналық бақылауға алынған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, облыстың Денсаулық сақтау, Адами әлеуетті дамыту басқармаларымен бірлесіп, қызылшаға қарсы профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың кешенді жоспары жасалды.

«Мониторингтік топтар құрылды. Тұрғындар арасында санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізіліп, БАҚ арқылы сұхбаттар ұйымдастырылды. Жалпы халықпен күшейтілген ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Эпидемияның алдын алу мақсатында қызылшаға қарсы екпе алмаған өңір тұрғындарын екпе алуға шақырамыз. 17 жасқа дейінгі бала қандай да бір себептермен егілмеген болса, жергілікті емханаларда қызылша ауруының алдын алу үшін екпе алу ұсынылады. Вакцинация тегін. БМСД-нің №1 қаулысына сәйкес, науқаспен байланыста болған, сондай-ақ жасы отызға толмаған азаматтар қызылшаға қарсы екпе алуы тиіс», - дейді мамандар.

ДСМ өкілдері мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында эпиджағдайдың нашарлауын болдырмас үшін санитариялық-эпидемиологиялық шараларды (қызылшаға қарсы қарсы екпе алу, бөлмені жиі желдету, ылғалды тазалау, алғашқы симптомдар пайда болған кезде дәрігерге қаралу, халық көп шоғырланған орындарда маска тағу ұсынылады) жүргізу және сақтық шараларын ұстану қажет екенін ескертеді.

Ауыр жағдайларда қызылша бронхопневмонияға, лимфа түйіндерінің қабынуына, ларингитке, энцефалитке әкелуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары