$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Еліміздің өңірлік онкологиялық орталықтарына заманауи жабдықтар сатып алынады

Оған «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жыл сайын 50 млрд теңге бөлінеді

Еліміздің өңірлік онкологиялық орталықтарына заманауи жабдықтар сатып алынады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан халқына» қоры басшылығының қатысуымен кеңес өткізіп, онда Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасын қарады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде республикада онкологиялық аурулармен ауыратын 205 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда болса, жыл сайын 37 мың жаңа жағдай анықталады. Қатерлі ісіктен болатын өлім-жітім қанайналым жүйесі ауруларынан кейінгі екінші орында.

Әзірленген Кешенді жоспар онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарға көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Оны қаржыландыру мемлекеттік бюджет пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осылайша Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған қор жыл сайын 50 млрд теңгеден астам қаржы бөледі деп күтілуде. Бұл қаражат жоғары технологиялық сәулелік жабдықтарды сатып алуға және онкологиялық орталықтарды жарақтандыруға, ісікке қарсы препараттарға тапсырыс беруге, мамандарды шетелде оқытуға және басқа да мақсаттарға жұмсалады.

Нақтырақ айтқанда, еліміздің барлық өңірлері үшін онкологиялық ауруларды емдеуде ең тиімді заманауи 17 желілік үдеткішті сатып алу мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар кішігірім ісіктердің өзін және алыс орналасқан метастазаны анықтай алатын позитронды эмиссиялық томография (ПЭТ КТ) аппараты сатып алынады.

«Өңірлік онкологиялық орталықтарға сатып алынатын жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен облыс тұрғындары үшін сапалы медициналық көмек қолжетімді болады. Тексеру мен емделу үшін елордаға немесе басқа да ірі қалаларға барудың қажеттілігі айтарлықтай қысқарады», — деді Алтай Көлгінов.

Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары Онкологиялық аурулармен күрестің кешенді жоспарын қысқа мерзімде бекітіп, республиканың онкологиялық қызметін жаңғыртудың тиімділігін арттыру үшін осы жылдың III-IV тоқсанында құрал-жабдықтарды сатып алу қажеттігін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары