Аutism Talks: елордада ерекше балаларға арналған іс-шара өтеді
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні
«Болашақ» корпоративтік қоры Астана қаласында 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне арналған «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» тақырыбында кездесу өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
TED TALK форматында аутизмі бар балалардың ата-аналары өз тәжірибелерімен бөліседі, аутизмі бар және дамуында өзге де ерекшеліктері бар балаларды тәрбиелеу бойынша кеңестерімен, ұсыныстарымен бөліседі, ал балалары қандай жетістіктерге жетуіне күш бергенін әңгімелеп береді.
Сонымен қатар сиблингтер – ерекше балалардың бауырлары сөз сөйлеп, ерекше туыстарымен қарым-қатынас құру тәжірибесімен, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар баламен бір отбасында тәрбие алу ерекшеліктерімен бөліседі. Сондай-ақ іс-шараға психотерапевтер, психиатрлар, мінез-құлық талдаушылары және басқа да мамандар қатысады. Іс-шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері үшін де, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін де пайдалы болады.
Іс-шараға «Autism. Қол жетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор Әке» аутизм бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының кураторы Айнұр Нұрова, сондай-ақ «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан және т.б. қатысады.
Іс-шара Сауран көшесі, 44, «Конгресс-центрдің» «ASPAN» залында ұйымдастырылады.
Кездесу барысында спикерлер оқыту мен мінез-құлықты түзетудің тиімді әдістемелері, ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, ерекше балалар мен олардың отбасыларының құқықтары, ерекше бала тәрбиеленетін отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірін өзара қолдаудың маңыздылығы, аутизмі бар егіздерді тәрбиелеудің ерекшеліктері және басқа да тақырыпта әңгіме өрбітеді.
Айта кетейік, 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленді, онда аутизмі бар балалардың көп болуына алаңдаушылық білдірілді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда 9 мыңға жуық аутизмі бар бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизмі бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады.
«Болашақ» қорының «Әрбір бала мектепке баруға лайықты» жобасы Қазақстанның мектептері мен балабақшаларына аутизм және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға білім берудің инклюзивті моделін әзірлеуге және енгізуге бағытталған. 2015 жылдан бастап Қазақстанның 22 қаласында 46 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 700-ден астам бала мектепке күнде баруға мүмкіндік алды. Аутизм туралы ақпарат тарату аясында 2023 жылдың сәуір айында «Болашақ» Қоры бірқатар іс-шара жоспарлап отыр, оның ішінде икнлюзияны қолдау кабинеттерінде сынып сағаттары, конкурстар, «Run for Autism» қайырымдылық жүгіру және басқалар бар.