Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаеваның арасында жік шықты
Шахматшы қыздар желіде жаға жыртысып, бірнеше пост жариялады
Блицтен екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында әріптесі Жансая Әбдімәлікке қатысты сыни пікір айтты. Шахматшы қыз кез келген ұсақ-түйекке бұлқан-талқан болғанша «күйеуге шығып, борщ пісірген жөн» - деп жазған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға Делиде өтіп жатқан Гран-при турнирінде болған.
«Шахмат – бұл, әрине жекелей спорт түрі. Бірақ жеке өзің болу мен пікірлес болу – әр басқа нәрсе. «Әркім өзі үшін» деген түсінікті кейбіреулер «бәріне түкіргенім бар» деп түсінеді. Қателігін түсініп, сыпайылықпен кешірім сұрау деген әрине болмайды. Бірақ айналасына өтірікті жаудырса, сыпайылық туралы әңгіме айту қиын. Сірә, шындықты бүркемелеу – бірінші кезекте шахматшы екенін ұмытқан Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты Жансая Әбдімәліктің кәсіби қасиеті. Алайда кез келген кәсіби спортшы үшін кешірілмейтін нәрселер бар. Ол тіпті кім болса да», - деп жазды Бибісара Асаубаева.
Асаубаеваның айтуынша Жансая мен тағы 11 шахматшы Делиде өтетін Гран приге қатысуы тиіс болған. Бірақ Жансая ұйымдастырушылар өзін дұрыс қарсы алмады деп аяқасты жарысқа қатысудан бас тартқан.
«Мұны турнирдің ашылуына бір сағат қалғанда, әріптесіне телефон арқылы хабарлап, әуежайда екенін айтып, өзінің ұшқалы отырғанын жеткізген. Ал одан кейін жайбырақат отель аумағында серуендеп жүрді. Біз болсақ шұғыл түрде жиналыс жасап, не істеу керек екенін ойластырып жаттық», - деді.
Сонымен қатар ол Жансаяның турнирге ер адаммен ұшып келгенін, ал басқалар жалғыз болса да, отельге ешқандай қиналыссыз жеткенін және кей шахматшылар Гран-приге қатысу үшін өзге жарыстардан бас тартқанын айтқан.
«Әрине, ұйымдастырушыларға қатысты сұрақ көп. Бірақ көп мәселе Жансаяға, оның спортшыға тән емес әрекетіне қатысты», - деп жазды Бибісара Асаубаева.
Жансая Әбдімәлік 11 шахматшының турнирге қатысудан бас тартуына қатысты жауап берді.
«Мен және менің әріптестерім (оның ішінде Асаубаева да бар) ұйымдастырушылардың жасаған жағдайына көңіліміз толмады. Өзара кеңесіп, ФИДЕ аппараты басшылығы мен президентке ұжымдық хат жолдау туралы шешім қабылдадық. Болған жағдайды баяндап, жарысты өткізбеуді немесе басқа уақытқа ауыстыруды сұрадық. Барлық қатысушылар (Асаубаева да) оған қол қойды. Қатысушылардың сынынан кейін ұйымдастырушылар турнирдің басталуын белгісіз уақытқа шегеруге мәжбүр болды», - деп жазды Жансая.
Сондай-ақ ол ФИДЕ Президенті Аркадий Дворкович пен атқарушы директор Эмиль Сутовскийге мұндай жағдайда турнирге қатысудан бас тартатынын жеткізгенін баяндады. Шахматшы қыз постында ФИДЕ басшысына жолданған ұжымдық хат пен оның жауабын да қоса көрсеткен. Аркадий Дворковичтің жауабында Үндістандағы турнир ұйымдастырушыларының шынымен дайындығы төмен болғаны айтылған.
«Мен өз елімнің атынан қашан да мақтанышпен және абыроймен ойнаймын. Үндістандағы Олимпиаданы әлі күнге дейін жылы еске аламын. Бірақ Делиде жасалған жағдай шынымен ақылға қонымсыз болды», - деді Жансая Әбдімәлік.
Бұдан кейін Бибісара екінші пост жазып, онда өзінің ұжымдық хатқа қол қоймағанын және ФИДЕ басшысына бұл жағдайды мәлімдегенін айтты. Бұған қоса ол ұйымдастырушылар тарапынан қателіктер болып тұратынын айтқан.
«Қазір түнгі бір. Біз ертең ойнауымыз керек. Осы келеңсіз жағдайдан кейін екі спортшының жүйке жүйесі жұқарды. Жансая жайсыз әрекет жасамағанда мұның бірі болмас еді», - деп қорытындылады Асаубаева.