$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жастар және ауыл»: Үкімет жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы арқылы 1 млн жасты жұмыспен қамтымақ

Қазақстанда жастардың 43,7 пайызы ауылда тұрады

«Жастар және ауыл»: Үкімет жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы арқылы 1 млн жасты жұмыспен қамтымақ

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі премьер-министр Әлихан Смайыловтың ескертулерін негізге ала отырып, 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын қайта пысықтап шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Үкімет отырысында пысықталған тұжырымдаманың негізгі бағыттарын таныстырған Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі  ҚР Президенті Әкімшілігінің тиісті құрылымдық бөлімдерімен, ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен және орталық мемлекеттік органдармен келісе отырып, құжатқа біраз өзгеріс енгенін хабарлады.

«Атап айтсақ, индикаторлар саны 10-нан 12-ге, кешенді іс-шаралар саны 72-ден 80-ге артты. Тұжырымдаманың негізгі идеясы – «Жастар үшін» парадигмасын «Жастармен бірге» бағытына ауыстыру. Аталған құжат жастарды жан-жақты қолдау мақсатында 7 бағыттан тұрады», - деді Дархан Қыдырәлі.

ЖАСТАР САЯСАТЫНЫҢ ЖАҢА ТҰЖЫРЫМДАМАСЫНА ЕНГЕН ЖЕТІ БАҒЫТ ҚАНДАЙ?

Дархан Қыдырәлі хабарлағандай, тұжырымдамаға «Жастар және ауыл», «Азаматтық қатысу және шешім қабылдауға атсалысу», «Заманауи құндылықтар және патриоттық тәрбие», «Салауатты өмір салты», «Жастар әлеуеті және кәсіпкерлік», «Ақпараттық кеңістік» және «Оқу-ағарту мен мәдениет» атты жеті бағыт енген.

«Тұжырымдаманы іске асыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттен көзделген қаражаттың жалпы көлемі 492,1 млрд теңгені құрайды, соның ішінде, республикалық бюджеттен 385,6 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 106,5 млрд теңге қарастырылған», - деп хабарлады Дархан Қыдырәлі.

«ЖАСТАРДЫҢ КӘСІБИ ДАМУЫ – БАСТЫ НАЗАРДА»

Тұжырымдаманың «Жастар және ауыл» бағытына сай, ауыл жастарының кәсіби дамуына, сондай-ақ кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аударылмақ.

«Бүгінде жастардың 43,7%-ы  ауылда тұрады. Тұжырымдаманың осы бағытындағы шаралардың арқасында 2029 жылға дейін 1 миллион ауыл жастарын жұмыспен қамту, 1,5 миллион жастың  цифрлық сауаттылығын арттыру, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген», - деп хабарлады Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Осы ретте, Azattyq Ruhy ауылда кәсіп бастап, ісін дөңгелетіп отырған әрі сол ауылдың адамдарын жұмыспен қамтып отырған ерлі-зайыпты Ержан Қырқымбаев пен Гүлнұр Смағұловамен сұхбаттасқан еді. Бұрын Семей облысына қараған, ал жуырдан бері Абай облысы, Абай ауданы Қарауыл ауылында тұратын Ержан мен Гүлнұр жоғары оқу орындарын аяқтаған соң, қалаға қарай емес, ауылға қарай ұмтылған. Гүлнұр Смағұлованың айтуынша, оқуын аяқтай сала ол да қалада жұмыс істеп көрген.

«Өзім осы Қарауылда туып-өскенмін, Семей қаласындағы жоғарғы оқу орнын аяқтаған соң, бір жыл қалада жұмыс істедім. Бірақ, өз ауылыма оралып, өз ауылымның жігітіне тұрмысқа шықтым. Жас отау бола сала, бірге кәсіп бастадық. Жан-жақты іздене келе, кәсіпкер ретінде мемлекеттік сатып алудағы тапсырыстарды орындай бастадық. Екі жылдан кейін, ауылды жерде көп дамымаған тағы бір бағыт – компьютер және тұрмыстық техника сататын дүкен аштық. Бұл кәсіпті банктен несие алып бастаған едік», - дейді Қарауыл ауылының кәсіпкері Гүлнұр Смағұлова.

Осы аралықта, жас отбасы мемлекеттен грант алып, ауылының шетіне этноауыл орнатуға ниеттенген. Бірақ, жобалары грантқа іліне алмай қалған, алайда,  жобаларын қорғап жүрген кезде аяқ асты шетелдік инвестор кездесіп қалған. Жас кәсіпкерлер сол кездің өзінде ауыл халқының құлағы үйрене қоймаған «инвестиция» сөзінен қорықпай, этноауыл ашып, туризмді, қазақтың салт-дәстүрін дамытуға зор үлес қосқан.

«2014 жылы этноауыл аштық, ол қатарынан екі жыл жұмыс істеді. Этноауылды ашқан кезде үлкен қызым бір жаста еді. Келесі жылы, яғни, 2015 жылы ұлым дүниеге келген соң, этноауылға қызметкерлер іздей бастадық. Өйткені, жас баланы алып, ауыл шетіндегі этноауылға қатынау қиын болды. Жалақысын жоғары қойсақ та, жұмыс істегісі келетін адам таппадық. Қолымдағы екі жас баламен үлкен жобаны алып жүру қиынға соққандықтан, біз этноауылды жауып тастауға мәжбүр болдық. Жоба өте жақсы әрі тамаша табыс көзі болды, бірақ, айтқанымдай, күзетші, аспаз сияқты өте қажетті мамандар табылмады. Әлі есімде, қызметкер іздегенде ауылдағы орташа жалақыны біліп алып, содан да көп жалақы ұсынған едік», - дейді Гүлнұр.

Яғни, өз ауылының көркеюіне үлес қосып отырған кәсіпкердің айтуынша, ауылда жұмыс істеймін деген азамат үшін әр кезде де жұмыс табылады.

«Негізі, жұмыс істеймін деген адам ешқандай сылтауға қарамай жұмыс таба алады деп ойлаймын. Менің жеке пікірім – қаладан қарағанда, ауылдағы жағдай жақсырақ деп ойлаймын. Жасыратын несі бар, қалада жүріп-тұрғаныңның бәрі ақша. Ал, ауылда жаяу жүріп-ақ, бүкіл жұмысты бітіріп тастайсың. Біз де жалындаған жастық шақта қалада жұмыс істей алатын едік, бірақ, неге біз өз ауылымызда жұмыс істеп, қалаға қыдырып қана бармасқа деп ойлаймын. Ауылда өз үйіңде отырып, ақырындап кәсіп бастауға болады. Тіпті, құрт-майы мен нан пісіріп сатса да, ол табыс», - дейді ол.

«АУЫЛ ЖАСТАРЫНА АРНАЛҒАН ИДЕЯ ДА, МҮМКІНДІК ТЕ КӨП»

Этноауыл жабылса да дүкенді кәсіпке айналдырған Гүлнұр өзге де идеяларын жүзеге асыру үшін тыңбай еңбек еткен. Сұхбат барысында күліп еске алғандай, трендтегі тәтті торттарды Қарауыл ауылына алғаш әкелген де – Гүлнұр екен.

«2016 жылдары торт пісіретін мастер-кластарға қатыстым. Осылайша, ауылда алғашқы кондитер болып трендтегі тәтті торттар пісіре бастадым. Қазір ең жақсы табыс көзім осы.  Әуел баста торттарды үйде отырып саттым, кейін тек қана осы торттар мен оны пісіретін заттар сататын дүкен аштым. Мемлекет тарапынан берілетін гранттарды зерттей келе, ауылда кілем жуатын мекеме жоқ болған соң, грантқа құжат тапсырып, кілем жуу мекемесін бастайтын грант та ұтып алдым. Міне, өз ауылымда отырып жүзеге асырған ірі жобаларым осы», - дейді.

Жас кәсіпкерлердің әлі де идеялары көп. Оларды жүзеге асыратын қаражат пен орын іздеуге уақыт кетеді дейді. «Жұмыс істеймін деген адам үшін идея мен мүмкіндік көп. Тек еңбектен қашпай, ерік-жігер таныту керек. Жастарға жұмыс көп, тек істейтін ақыл мен білім керек. Қазіргі ауыл жастарында бұл қабілеттер бар деп ойлаймын. Және тиісінше, оларға арналған мүмкіндіктер де көп. Мысалы, ауылда көпбалалы жас отбасыларға арналған әртүрлі гранттар, төмен пайыздағы несие беріледі», - дейді сөзін түйіндеген ол.

Сөз соңында айта кетейік, кәсіпкер Гүлнұр Смағұлова айтып отырған мүмкіндіктердің бірі осы наурыз айында басталған болатын. Яғни, қазір ел жастары тұрғылықты мекен-жайына қарамай кәсіп ашуға, кәсібін дамытуға 2,5 пайызбен несие ала алады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директоры Асқар Ниязов хабарлағандай, бұл бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Олар шағын несие алу үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелген және кәсіпкерлікпен айналысқанына 5 жыл болуы тиіс. Бағдарламаның міндетті талабына сай, несие алу үшін кепілдік керек. Жалпы, 2023 жылы 5796 шағын несие беру жоспарланған. Несиенің ең жоғары мөлшері – 5 миллион теңге. Ол 5 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Егер кәсіп түрі ауыл шаруашылығы саласымен байланысты болса, несиені 7 жылға дейінгі мерзімге алу мүмкіндігі бар.

Сымбат Молдатай

Серіктес жаңалықтары