Жайық өзені ең жоғары деңгейіне қашан көтеріледі
Өзеннің ең жоғары деңгейі 850 метрді құрайды
Жайық өзеніне Ресей тарапынан келетін үлкен су ағыны күтіліп отыр. Бұл туралы «ҚР ТЖМ басқарма бастығы Нұрлан Есмағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жайық өзеніне Ресей тарапынан келетін үлкен су ағыны күтіліп отыр. Ол наурыз айының аяғы болады деп болжап отырмыз. Жайықта қазір мұз еріп жатыр. Жергілікті кіші өзендердің ағынынан Жайық өзенінің Орал қаласындағы деңгейі 472 см-ге көтерілді. Бірақ қазір 408 см қалыпты деңгейіне түсті. Ириклинский су қоймасының жағдайына күнделікті түрде мониторинг жасалып тұрады», - деді Есмағамбетов.
Маманның айтуынша, ол жерде 2 млн 180 текше метр су бар.
«Ол жерден 15 шаршы метр су ағып жатыр. Ол жақтағы су еру процесі басталмады. Башқұртстаннан келетін Сақмара деген өзеннің жағдайын тексеріп жатырмыз. Судың ағысы наурыз айының аяғы деп күтіліп отыр. Ол жерде мұзды жаруға арналған құрал-жабдықтар жасалып, арнайы мамандар күтіп отыр. Ең қауіпті деңгей - 850 метр. Әзірге Ресей тарапындағы өзендердің мұзы ерімеді», - деді ол.