Шетелдегі қазақстандықтардың 42 пайызы дауыс беріп үлгерді – СІМ
Қазір 66 сайлау учаскесі өз жұмысын жалғастырып жатыр
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шетелдегі қазақстандықтардың дауыс беру нәтижелері туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан әлемдік қауымдастық мүшесі ретінде сайлауды халықаралық стандартқа сәйкес өткізуге мүдделі бола отырып, оған қатысуға халықаралық байқаушыларды шақырды. 12 халықаралық ұйым мен 41 шет мемлекеттен аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 793 адамды құрады. Сайлауды бақылауға 236 шетелдік журналист қатысып жатыр. Астана және Алматы қалаларында халықаралық байқаушылар мен өкілдіктеріне жәрдемдесетін орталықтар ашылды. Аталған орталықтар барлық қажетті техникамен қамтамасыз етілген және таңертеңнен бастап байқаушылар брифинг пен конференциялар өткізді», - деді ол.
Василенко атағандай, 67 елде 77 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Шетелдегі сайлаушылар саны 12 016 адамды құрайды.
«Бүгінгі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша шетелдегі 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады. Қазір шетелде жұмыс істеген барлық сайлау учаскесінде шетелдегі қазақстандықтардың 5 мыңға жуығы дауыс берген. Бұл 42 пайызды құрайды. Тағы 66 учаске жұмысын жалғастырып жатыр. Біздің соңғы сайлау учаскесі өз жұмысын Сан-Францискода біздің уақыт бойынша 20 наурыз 09:00-де тоқтатады», - деді ол.