Алматыда мүмкіндігі шектеулі қырық мыңдай адам дауыс берді
Ымдау тілі мамандары сурдологиялық аударма қызметтерін көрсетеді
Алматыда дауыс беру құқығына ие қырық мыңдай мүмкіндігі шектеулі сайлаушы бар. Жүруге шамасы келмейтін жандарға мыңнан астам портативті жәшік ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін қолжетімді орта қаланың барлық сайлау учаскесінде ұйымдастырылған. Белгілі бір учаскелерде мүгедек адамдардың дауыс беруіне арналған арнайы кабиналар бар. Олар кәдімгі кабиналарға қарағанда кеңірек.
«Кабиналардың іші кең. Ішінде үстел шамы, үлкейту әйнегі, трафареттер, құлаққаптар және сізге қажет нәрсенің бәрі бар. Бұдан басқа, сайлау комиссиясының мүшелерімен алдын ала бір немесе басқа адамға қалай көмек көрсету, бюллетеньдер бойынша қажетті ақпаратты қалай түсіндіру керектігі туралы нұсқаулық өткізілді», - деп хабарлады №91 учаскелік комиссияның төрағасы Ғазиза Аманбай.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды «Инватакси» сайлау учаскелеріне жеткізеді. Сайлау күні олардың қажеттіліктеріне сәйкес қаланың барлық ауданына бөлінген 100 бірлік көлік жұмыс істейді.
«Мен сайлау учаскелерінің мүгедектерге қаншалықты қолжетімді екенін көру үшін өзім барып көрмек болдым. Сайлау учаскесі орналасқан №72 мектепте ҚНжЕ сәйкес келетін тактильді жол, пандустар бар екенін көрдім. Дауыс беру кабинасында болған кезде мен Брайль шрифтімен жазылғанын байқадым. Яғни зағиптарға барлығы қолжетімді. Бұл инклюзия», - деп бөлісті мүгедектер арбасына таңылған Меруерт Құлахметова.
Сонымен қатар Алматыда мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тасымалдау үшін қаланың медициналық-әлеуметтік мекемелерінен 10 автокөлік құралының кезекшілігі ұйымдастырылды. Тасымалданбайтын сайлаушылар үшін 1196 портативті жәшік тартылды, соның арқасында олар үйлерінде отырып дауыс бере алды.
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға ымдау тілі мамандары сурдологиялық аударма қызметтерін көрсетеді. Бұл салада барлығы 110 адам жұмыс істеді. Олардың кейбіреулері сайлау учаскелерінде, басқалары сайлаушылармен қашықтан видео арқылы байланысады.
Алматыда сайлау құқығына ие ерекше қажеттіліктері бар 39 570 адам тұрады. 8445 сайлаушы үшін дауыс берудің ерекше шарттары қажет. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 1097 адам, есту қабілеті бұзылған 2218 адам, көру қабілеті бұзылған 5130 адам бар.