Үшемдер, спортшылар, әулет таңдауы: Жетісу тұрғындары сайлауға қалай қатысып жатыр
Танымал спортшы жастарды саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырады
Жетісу облысында үшемдер сайлауға келді. Ата-аналарымен бірге келген үшемдер сайлау жәшігіне бюллетень салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Алдабергенов ауылында тұратын Имангабуловтар отбасы №110 сайлау учаскесіне үшем ұлдарын ертіп әкелген. Небәрі екі жастан енді ғана асқан үшем халықтың саяси науқанға деген белсенділігін арттырған.
«Бес баланың анасымын. Бірде-бір рет сайлаудан қалып көрген емеспін. Тіпті балаларымды да белсенді болуға үндеп, оларға үлгі көрсетіп келемін. Сайлау учаскесіне екі жастан асқан үшем ұлдарым – Ернұр, Бекнұр, Алинұрды да алып келдім», - дейді көпбалалы ана Маржан Иманғабұлова.
Ал Қоңырөлең ауылында бір отбасының 12 мүшесі дауыс берді. Олардың бәрі Панфилов ауданында тұрады. Рысқұловтар әулеті ақылдаса келіп, сенім артқан кандидаттарына түгелдей дауыс берген. 88 жастағы қария келінін, күйеу балаларын, немерелерін де ерте келген.
«Біздің отбасы сайлауларда ешқашан қалыс қалмаған. Әркез балаларыма дауыстың маңыздылығын айтып отырамын», - дейді әулеттің қариясы.
Облыста аты шыққан споршылар да бірінен соң бірі келіп, таңдау жасап жатыр. Маунтибайктан Азия чемпионы Алина Сарқұлова саяси науқаннан қалыс қалу қоғамға деген немқұрайлық деп санайды. Ол №349 сайлау участкесіне барып, таңдауын жасады.
«Еліміздің өсіп-өркендеп дамығанын қалаймын. Сондықтан ел ертеңіне бей-жай қарамай, кемелдену жолында аянбай еңбек етуге дайын азаматтарды қолдау үшін сайлауға келдім. Таңдау жасадым. Бүгінгі сайлау барлығымыз үшін өте маңызды. Аудандағы барша жасты саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамыз», - деді чемпион.
Алина Сарқұлова – Азия чемпионы. Түркияда өткен маунтинбайк жарысында бірден екі алтын жеңіп алған ең алғашқы қазақстандық спортшы саналады.
Ал джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Үкілай Ахметуәлиқызы бүгін медальдарын мойнына тағып, ерекше сән-салтанатпен тұрғылықты мекенжайы бойынша Текелі қаласындағы №441 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
«Мен қазір Текелі қаласындағы Олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінде джиу-джитсудан жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Жасым 22-де. Сайлауға қатысып, дауыс беруді азаматтық міндетім деп санаймын. Спортшылар қауымы да еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Сайлауға қатысу – менің теңізге тамшыдай болса да қосқан үлесім. Жаңарған, дамыған, әділетті Қазақстанда өмір сүргіміз келсе, бәріміз жұмыла үлес қосқанымыз дұрыс», – деді Үкілай.