Сайлауда әр азамат өз конституциялық құқығын пайдалануы керек – сарапшы пікірі
Қуаныш Сайлау бүгінгі саяси науқан сайлау мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді деген үмітін жеткізді
Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы Қазақстанда өтіп жатқан сайлау науқаны туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Орталық сайлау комиссиясының сағат 12.00-дегі соңғы мәліметіне сүйенсек, қазақстандықтардың 30,65 пайызы дауыс берген. Осы ретте, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы Қуаныш Сайлау бүгінгі саяси науқан елімізде сайлау мәдениетінің қалыптасуына ықпал етеді деген үмітін жеткізді. Сонымен қатар ол азаматтар белсенділік танытып, сайлауға мүлде келмегеннен гөрі, «бәріне қарсымын» деген нұсқаны таңдаса да өзінің конституциялық құқығын пайдалануы керек дейді.
«Бәріне қарсымын» нұсқасын қолдану арқасында азаматтардың саяси сұраныстарын анықтауға болады. Егер сайлаушы ұсынылып жатқан үміткерлер арасында лайық адам жоқ деп санаса, осы бағанды белгілей алады. Сонда болашақ сайлауға қатысатын партиялар мен үміткерлер соңғы сайлау нәтижесіне қарап, сайлаушылардың үміткерлерге деген сұранысын ескере отырып жаңа бағдарлама ұсынады немесе үгіт жұмысын белсене жүргізеді.
Сайлауға қатысу-қатыспау статистикасынан гөрі сайлаушылардың көңіл күйіне қатысты таңдаулар әлдеқайда анық мәлімет береді. Сондықтан да сайлауға қатыспағаннан гөрі, азаматтар сайлау учаскесіне барып, қажет нұсқаны таңдап, болашақта шешім қабылдау үдерісіне әсерін тигізе алады», - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 19 наурызда қазақстандықтар Парламент Мәжілісінің жаңа депутаттарын және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлайды. Дауыс беруге 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Сайлау тізімдеріне 12 миллионнан астам азамат кіреді.
Сайлау учаскелеріндегі дауыстарды санау 19 наурызда жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат 20:00-де басталады және 20 наурызда таңғы 8:00-де аяқталуы керек.