Авитаминоз. Дәрумендер ағзаға қалай әсер етеді?
Көктем кезінде адам ағзасында дәрумен жетіспеушілігі пайда болуы мүмкін

Көктемде тек табиғат қана емес, адам ағзасы да өзгерістерге ұшырайды. Дәрумен жетіспеушілігі пайда болып, иммунитеттің әлсіреуі ықтимал, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Дәрумендер – бұл адам ағзасының дұрыс дамуы мен тіршілік етуі үшін қажет, құрылымы мен құрамы әр түрлі, тамақтанудың ажырамас факторларына жататын төмен молекулалы биологиялық белсенді органикалық қосылыстар тобы.
Дәрумендердің басым бөлігі ағзаға тамақпен бірге енеді, ал кейбіреулері ішекте өмір сүретін пайдалы микроорганизмдермен синтезделеді, бірақ бұл жағдайда олар жеткіліксіз. Көптеген дәрумендер тез ыдырап, денеде қажетті мөлшерде жиналмайды, сондықтан адам дәрумендердің тамақ арқылы жетуіне мұқтаж.
Тамаққа ақуыз, майлар мен көмірсулар, дәрумендер мен минералдардың көзі болып табылатын аралас тағамдарды пайдаланған жөн.
Тек осы жағдайда ғана қоректік заттар мен тамақтанудың маңызды факторларының теңгерімді арақатынасына қол жеткізуге, қоректік заттардың жоғары сіңуін, сонымен қатар, олардың ұлпалар мен жасушаларға тасымалдануын, олардың жасуша деңгейінде толық сіңуін қамтамасыз етуге болады.
Барлық өмірлік процестер организмде дәрумендердің тікелей қатысуымен жүріп тұрады. Дәрумендер көптеген реакцияларды тудыратын 100-ден астам ферменттердің құрамына кіреді, дененің қорғану күштерін сақтауға көмектеседі, оның әртүрлі экологиялық жағдайларға төзімділігін арттырады және қоршаған ортаның нашарлауына бейімделуге көмектеседі.
Дәрумендер иммунитетті сақтауда маңызды рөл атқарады, яғни олар ағзамызды ауруларға қарсы төзімді қылады.
Дәрумендер екі үлкен топқа бөлінеді:
- Май ерітетін дәрумендер: A, D, E, K.
- Су ерітетін дәрумендер: С, В1, В2, В3, В5 , В6, В8, В12, В15, В17, PP, Р, Н, N.
Ақуыздар, майлар мен көмірсулардың алмасуына дәрумен тікелей немесе күрделі ферменттік жүйелердің құрамында қатысады. Дәрумендер тотығу процестеріне қатысады, нәтижесінде көмірсулар мен майлардан организм энергия және пластикалық материал ретінде пайдаланатын көптеген заттар түзіледі.
Дәрумендер жасушалардың қалыпты өсуіне және бүкіл ағзаның дамуына ықпал етеді. Дәрумендер ағзаның иммундық реакцияларын сақтауда маңызды рөл атқарады, бұл оның қолайсыз экологиялық факторларға төзімділігін қамтамасыз етеді. Бұл - жұқпалы аурулардың алдын алуда аса маңызды.
Дәрумендер дәрілік заттардың адам ағзасына қолайсыз әсерлерін жоюға немесе жұмсартуға септігін тигізеді.
Дәрумендер гормондардың синтезі үшін, ағзаның әр түрлі функцияларын реттейтін ерекше биологиялық белсенді заттар үшін қажет.
Дәруменнің жетіспеушілігі бөлек органдар мен тіндердің жағдайына, сонымен қатар маңызды функцияларына: адамның бойына, ұрпақтың жалғасуына, зияткерлік және физикалық мүмкіндіктеріне, ағзаның қорғану функцияларына әсер етеді. Дәруменнің ұзақ уақыт жетіспеушілігі алдымен еңбек қабілеттілігінің әлсіреуіне, денсаулықтың нашарлауына, кейбір жағдайда адамның көз жұмуына әкеліп соғуы мүмкін.
Витаминдер адамның тамақтануының маңызды факторларына жататын заттар болып табылады және ағзаның тіршілігі үшін өте маңызды. Олар гормоналды жүйе мен ағзамыздың ферменттік жүйесі үшін қажет.
Сондай-ақ, адамның денін сау, сергек және әдемі ете отырып, біздің метаболизмімізді реттейді.
Диетолог Жанна Нұрберген күніне екі литр су ішу керегін айтады.
«Ішкің келмесе де, күніне 2 литр су ішу керек. Себебі, адам ағзасының 80-85 пайызы судан тұрады. Миымыз да, қарнымыз да, қан тамыры да 85 пайыз суден тұрады. Сондықтан органдарымыздың дұрыс жұмыс істеуі үшін су ішу керек. Ол шөлдеуге не шөлдемеуге тәуелді болмауы керек. Ішкі ағзаға су керек. Су ішудің де тәртібі бар», - дейді ол.