Қазақстанда жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 6%-дан асады - Премьер-министр
Үкімет басшысы мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы осы көрсеткішті 3,5% азайту керек деген міндет қойды

Мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы ел бойынша 2,3 млн-ға жуық жастарды жұмыспен қамтуды көздейді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бұл – өте маңызды аспект, оны барынша тиімді жүзеге асыру керек.
Жастарға арналған жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға мемлекеттің бөліп отырған ресурстары қомақты. Жастардың мұндай бағдарламаларға қатысуын кеңейту NEET санатындағы жұмыс істемейтіндер мен оқымайтындардың санын азайтуға ықпал етеді. Өкінішке қарай, елдегі мұндай жастардың үлесі 6%-дан асады», - деді Премьер-министр.
Айта кетейік, бұндай санаттағы жастардың ең көбі Ұлытау, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында шоғырланған болып шықты.
«Тұжырымдамада республика бойынша осындай жастардың үлесін 3,5%-ке дейін төмендету міндеті қойылған. Бірақ, бұл үшін «шаблонмен» жұмыс істеуге болмайды. Әр өңірдегі жастармен жұмыс істеу ерекшелігіне барынша икемделу қажет.
Сонымен қатар, жастарды қолдау шараларын жақсарту, кәсіпкерлікке тарту, өз кәсібін бастауға көмектесу үшін үзбей жұмыс істеу керек», деген Премьер-министр бұл бағыттағы бақылауды орынбасары Алтай Көлгіновке жүктеді.
«Осыған байланысты, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі келесі мәселелерді іске асыру керек.
Бірінші. Өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ақпараттық жұмысты күшейту.
Жастарымыздың әрқайсысына, әсіресе ауылдардағы және NEET санатындағы жастарымызға көңіл бөлу қажет. Әркім табысқа қол жеткізу, жұмысқа орналасу, кәсіптік деңгейін көтеру мүмкіндігін сезіне білуі керек.
Екінші. Әкімдіктермен бірлесіп, жастар ресурстық орталықтарының қызметін сапалы үйлестіруді қамтамасыз ету керек. Орталықтардың басшыларына нақты міндеттер мен KPI бекіту қажет.
Орталықтардың өздері жастармен жұмыс істеудің аса маңызды буындарының біріне айналуы тиіс, жергілікті жерлердегі жастардың барлық проблемаларын біліп, оларды шешу жолдарын ұсынуы қажет.
Үшінші. Қазір волонтерлар қозғалысы айтарлықтай жанданды. Волонтерларды тарту аясын одан әрі кеңейтіп, жаңа жобалар мен акцияларды іске қосқан жөн. Жастарды адамгершілік және патриоттық рухта тәрбиелеуге, спорт пен саламатты өмір салтын насихаттауға ерекше назар аудару қажет»,-деді тиісті тапсырма берген Смайылов.