Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясы өкілдері Қостанай облысына барды
Жиын барысында партия төрағасы «Ақ жол» демпартиясы жұмыс істеп жатқан алты негізгі бағыттарын атады

«Ақ жол» демпартиясының сайлауалды штабы ел аумағы бойынша халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін белсенді түрде жалғастыруда. 700-ден астам партия кандидаттары қала, облыс, аудандар мен шалғай ауылдарда кездесулер өткізуде, деп хабарлайды Azattyq Ruhy партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Партия лидері Азат Перуашев, «Ақ жол» ҚДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы Махаббат Жұтаев және Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттығына кандидаттар «Beef Export Group» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Кәсіпорын етті қайта өңдеу, консервілеу және сатумен айналысады. Сайлау штабының мүшелері кәсіпорынның жұмысымен, өнімдерімен танысты.
Жиын барысында партия төрағасы «Ақ жол» демпартиясы жұмыс істеп жатқан алты негізгі бағыттарын атады. Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, жемқорлықпен күрес және де-офшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат. Партия басшысы демократия және парламентаризм тақырыбына, мемлекеттік бюджетті бекіту мен бақылаудағы Парламенттің өкілеттігін күшейту, шетелдік инвесторлармен келісім-шарттарды қайта қарау мәселелеріне жан-жақты тоқталды.