«Ақ жол» партиясының өкілдері теміржолшылармен және кәсіпкерлермен кездесті
Кездесу барысында Азат Перуашев партияның саяси бағдарламасының алты негізгі бағытын атады

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматының еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Партия өкілдері локомотивтерге техникалық қызмет көрсетіп, жөндеумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын - «Қамқор Локомотив» компаниясының Алматы локомотив депосының ұжымымен кездесті.
«Бүкіл ҚТЖ жүйесін Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір қызметін атқаратын халықаралық көлік-логистикалық компанияға айналдыру жобасы әзірленуде. Қытай мен Батыс арасындағы контейнерлік тасымал көлемінің өсіп келе жатқаны да кездейсоқ емес», - деді партия жетекшісі.
Депо жұмысшылары ипотеканың қолжетімділігі, несиелер бойынша ақылға қонымсыз пайыздар, жалғыз баспананың банктер мен коллекторлардан қорғалуы мәселелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда А.Перуашев «Ақ жол» партиясының жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау жолындағы 8 жылдық күресі, сол заң аясында борышкерлерге жасалған мүмкіндіктер мен шектеулер туралы айтты.