Сарбаздар отан алдындағы борышын көрші облыстарда өтей алады
Бұл ереже әзірге сарбаздардың көктемгі әскери шақырылымына қатысты
Мамыр айынан бастап болашақ сарбаздар отан алдындағы борышын көрші облыстарда өтей алады. Ұлттық Ұланның «Шығыс» қолбасшылығы осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Енді Ертіс өңірінен әскерге шақырылған жігіттер Семей және Өскемен маңындағы бөлімдерге баруына мүмкіндік бар. Ал Шығыс Қазақстан облысының жастарына міндетін жергілікті әскери бөлімдерде өтеуіне болады. Басты мақсат бір жылдық әскери қызметті қауіпсіз және қолайлы өткізуге жағдай жасау. Сала мамандарының айтуынша, бұл ереже әзірге сарбаздардың көктемгі әскери шақырылымына қатысты. Мамыр-маусым айларында павлодарлық әскери құрылымдарға 100-ден астам жауынгер қабылданады деп күтілуде.
«Сарбаз бен ата-анасына – бұл, біріншіден, жақсы жеңілдік деп ойлаймын. Себебі әр ата-ананың бір арманы деп ойлаймын. Көбісі баламызды көргіміз келеді деген сұрақтар қойылады. Сол кезде баласын көруге қиындық туғызбай, осындай қолайлы жағдай ұсынылып отыр Ұлттық ұлан қатарына. Өз облысында қызмет атқару абырой деп есептеймін», - деді Ұлттық Ұланның 5512 әскери бөлімі рота командирінің орынбасары Бүркіт Қойшыбай.