Криптовалюта: Астанада заңсыз айналымнан 342 мың доллар мен 7 млн теңге тәркіленді
Қазіргі кезде тергеу жұмысы жүріп жатыр

Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті 3 қазақстандық азаматтың «ABS Change» крипто айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомство мәліметінше, аталған азаматтар заңсыз әрекеттерін АХҚО алаңынан тыс жерде іске асырған. Олар 2021-2023 жылдар аралығында Астана қаласының аумағында қылмыстық қызметін жүзеге асырды.
«Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде айырбастау пунктін ұйымдастырушылардың заттары, 342 000 АҚШ доллары және 7 млн теңгесі тәркіленді. «Binance» платформасында 2 криптоәмияннан 23 мыңға жуық АҚШ доллары сомасына криптоактивтер анықталып, оларға уақытша шектеу қойылды.
Алдын ала есеп бойынша «Binance» платформасындағы крипто айырбастау пунктінің крипто-әмияндарының жалпы айналымы шамамен 34 млн АҚШ долларын құрады», - делінген ҚМА хабарламасында.
Қазірг кезде тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.