БҰҰ Бас хатшысы Грузия билігіне ескерту жасады
7 наурызда Тбилисиде басталған толқу әлі басылар емес
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерреш Грузиядағы қақтығысқа алаңдаушылық білдірді. Бас хатшысы Грузия билігіне ескерту жасап, қос тарапты шиеленістің күшеюіне әкелетін қадамдардан аулақ болуға шақырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фархан Хак биліктен сөз бостандығына кедергі келтірмеуді ескертті.
«Бас хатшы Грузиядағы жағдайды бақылайды. Ол барлық тиісті тараптарды шиеленістің күшеюіне әкелуі мүмкін кез келген әрекеттен аулақ болуға шақырады. Бас хатшы сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының кедергісіз жұмыс істеуінің, сондай-ақ азаматтық қоғам бостандығының маңыздылығын атап көрсетеді; адамдардың бейбіт наразылық білдіру құқығын еске салады», - деді Хак.
Наразылық акциялары Тбилисидегі Грузия парламенті ғимаратының алдында 7 наурызда таңертең басталды. Толқу әлі басылар емес. Парламент мүшелері сол күні бірінші оқылымда мақұлданған шетелдік агенттер туралы заң жобасын қабылдауға қарсы болды.
Бұған дейін Грузия Парламентіне «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасы келіп түскен болатын, оған сәйкес елде үкіметтік емес ұйымдардың, БАҚ-тың және шет мемлекеттен қаржы алатын субъектілердің тізімін құру ұсынылады. Заң жобасының бастамашылары бұл америкалық заңның жеңілдетілген нұсқасы деп сендіреді. Оппозиция, сондай-ақ АҚШ-тың Грузиядағы елшісі Келли Дегнан бұған дейін заң жобасының америкалық заңға ешқандай қатысы жоқ және Ресейде қолданылатын заңның аналогы деп хабарлаған.
Ал BBC агенттігінің жазкынша, акцияға қатысушылар көзден жас ағызатын газдан, түтін және қысымнан зардап шеккен. Қамауға алынғандар саны да арта түскен. Наразылық акциясына қатысушылар заң жобасын Парламенттен қайтарып алуды және барлық ұсталғанды босатуды талап етті. Заңның сыншылары, соның ішінде Грузия президенті Саломе Зурабишвили оны елде келіспеушіліктің кез келген түрін басу үшін белсенді қолданылатын ресейлік нұсқасымен салыстырады. Олардың пікірінше, заңның қабылдануы Грузияны авторитаризм бағытына итермелейді және елдің Еуропамен тығыз байланысқа деген үмітін тоқтатады.
Наразылық білдірушілерді ел президенті Саломе Зурабишвили қолдады: ол заң жобасын қолдаған депутаттар Конституцияны бұзды деп мәлімдеді және егер ол құжат алдына келсе, заң жобасына вето қоюға уәде берді. Алайда Грузия Конституциясында парламентшілер президенттік ветоны айналып өтіп, заң қабылдай алатын механизм жазылған.
ІІМ-нің ресми мәліметтері бойынша, қақтығыстың алғашқы сәтінде 66 адам ұсталған. Алайда кешегі наразылық кезінде тағы 10 адам ұсталды. Сондай-ақ ІІМ тағы бірнеше күдіктіні іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп хабарлайды.
Грузин қоғамы Ресейді Украинаға басып кіргені үшін ғана кінәлап қоймай, Абхазия мен Оңтүстік Осетияға қатысты көпжылдық қақтығысқа да кіналайды. Грузияның үкіметтік емес ұйымдары ел Үкіметімен ынтымақтастықты тоқтататынын мәлімдеді. Олар өз мәлімдемесінде Ресей заңын Парламентте талқылау «ұлттық масқара, барлық азаматтарды қорлау және Конституцияға қарсы қадам» деп атады.
Тбилисидегі Ұлыбритания елшілігі Лондон өзінің одақтастары мен серіктестерінің «Шетелдік ықпалдың ашықтығы туралы» заң жобасын Грузия Парламентінде жедел мақұлдауына байланысты алаңдаушылығын білдірді.
«Ұсынылған заң түпкілікті қабылданса, ол Грузияның достары мен стратегиялық серіктестеріне, оның демократиялық және экономикалық дамуына ықпал етуді жалғастыруға жол бермейді. Біз Грузия басшыларын азаматтық қоғамның, тәуелсіз БАҚ пен халықаралық серіктестердің алаңдаушылығын әрі қарай жалғастырмас бұрын тыңдауға шақырамыз», - деді Ұлыбритания елшілігі.
Еуропарламенттің 15 депутаты да осы Заңның бірінші оқылымында қабылдануына қатты алаңдаушылық білдіретін мәлімдеме жасады.
«НАТО-да Тбилисиде бірінші оқылымда қабылданған заң жобасына алаңдайды», - деп жазды НАТО Бас хатшысының Оңтүстік Кавказдағы және Орталық Азиядағы арнайы өкілі Хавьер Коломина.
Балтық елдері заңның қабылдануы туралы сыни пікір білдірді. Эстония СІМ Грузия елшісін шақырды.
«Мені Грузиядағы бейбіт демонстранттарға қарсы зорлық-зомбылық туралы деректер мазалайды. Грузиядағы оқиғалар демократияның біртіндеп жойылуы мүмкін екенін еске салады», - деп жазды Эстония премьер-министрі Кая Каллас.
Еуропа Кеңесінің Грузия Парламенттік Ассамблеясының қосалқы баяндамашылары Клод Керн мен Эдит Эстрелла Грузия Парламентін заңның қабылдануын күн тәртібінен алып тастауға шақырды.