$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстан «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі 65-орында

Еліміздегі саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді

Қазақстан «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі 65-орында

2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінен 65-інші орынды иеленді. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Соңғы онжылдықта елде әйелдердің жаңа буыны қалыптасты – олар қаржылық және психологиялық тәуелсіздікпен, сондай-ақ, отбасын құруға, мансапта табысқа жетуге, рухани және шығармашылық дамуға бағдарлануымен сипатталады.

«Сонымен қатар, әйелдердің саяси ілгерілеуі, корпоративтік өсуі және дамуы қамтамасыз  етілуде. Статистикаға сәйкес мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 2010 жылы 52,7 пайызды құраса, 2022 жылы 55,4 пайызға дейін өсті, оның ішінде 39,2 пайызы басшы лауазымындағы әйелдер құрайды. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың ішінде министрлер, Агенттіктің, Жоғары аудиторлық палатаның және Конституциялық соттың төрағалары, облыстардың және қала әкімдерінің орынбасарлары да  бар. Шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі 2011 жылы 38,4 пайыз болса, 2021 жылы 44,6 пайызды құрады. Елімізде кәсіпорын басшыларының ішінде 30,8 пайызы әйелдер», - деді министр.

Бүгінде Үкіметпен мемлекет қатысатын компаниялардың басшы органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңімен 30% дейін арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

Министрлік акционерлік қоғамдарды дамыту жоспарларына әйелдер үлесін кезең-кезеңімен арттыру бойынша гендерлік нысаналы индикаторларды енгізу жұмысын жүргізуде.

«Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары арқылы әйелдер кәсіпкерлігін ынталандыру және қолдау артып келеді. Қаржылық қолдау шаралары шеңберінде «Сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау» құралдары қарастырылған, онда 6 мың жоба және «Кредиттерге кепілдік беру» бойынша 4 мың жоба қолдау тапты. Шағын және орта бизнес және кәсіпкерлік бастамасы бар халықты қаржылай емес қолдау шеңберінде бірқатар шаралар көзделген», - деді Әлібек Қуантыров.

 

Серіктес жаңалықтары