Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер талқыланады
Бұл туралы СІМ ресми өкілі хабарлады
Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер талқыланады. Бұл туралы СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров министрліктің дәстүрлі брифингінде айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
“9-10 наурызда Брюссель қаласында Бас прокурордың орынбасары Болат Дембаев бастаған қазақстандық делегация Еуропалық одақ: адам құқықтары жөніндегі диалогтің 14-отырысына және сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі кіші комитеттің 20-отырысына қатысады”,- деді Смадияров.
Ол атағандай, адам құқықтары жөніндегі диалог аясында тараптар адам құқықтарын және азаматтық қоғамды қорғаудың ұлттық институттарын дамыту бойынша пікір алмасуға ниетті.
“Сот төрелігі мен құқықтық тәртіп мәселелер жөніндегі кіші комитеттің отырысы барысында заң үстемдігін дамыту, сот жүйесін басқару және реформалау мәселесі де қаралады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, шекараны басқару, оның ішінде Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы визалық мәселелер, заңсыз көші-қонға қарсы іс-шаралар талқыланады”,- деді ол.