$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Respublica партиясының көшбасшылары мен кандидаттары Қонаев қаласына барды

Партия өкілдері Дінмұхамед Қонаевты еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Respublica партиясының көшбасшылары мен кандидаттары Қонаев қаласына барды

Мұнда халықпен ауқымды кездесу өтіп, партия өкілдері тұрғындардың «Respublica қарапайым азаматтардың өмірін жақсарту үшін қандай өзгерістер енгізуді көздеп отыр?» деген сауалына жауап берді.

Шараға Respublica партиясының тең төрағасы Сырымбек Тау, Мәжіліс депутаттығына кандидаттар Динара Шүкіжанова, Руслан Берденов, Қырмызы Жандосова, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Олжас Болатбеков және Бақытбек Хамит қатысты.

Жиналғандар алдында Respublica партиясының тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Руслан Берденов сөз сөйледі:

«Біз, барлығымыз 30 жыл бойы биліктің жалған уәделерінен шаршадық. Біз – кәсіпкерлерміз, бизнестен келген істің адамдарымыз. Өздеріңіз секілді қарапайым халық арасынан шыққан жандармыз. Бизнеске алғаш келген кезде мемлекет тарапынан қиындықтар мен кедергілерге тап болдық. Біз жағдайды өзгертуді көздеп отырмыз. Біздің мақсатымыз – елді дамытып, халықтың әлеуетін жақсарту. Бізден ертеңгі күні халық үшін, жастар үшін қандай жақсылық істедіңдер деп ұрпақ сұрайды. Сондықтан біз кейін ұрпағымыздың алдында ұят болмас үшін, өзгерістер үшін қазір қолдан келгеннің барлығын жасағымыз келеді», – деді Берденов.

Сондай-ақ партияның тең төрағасы, Мәжіліс депутаттығына кандидат Динара Шүкіжанова жас кәсіпкерлердің саясатқа неліктен барғанын былайша түсіндірді:

«Біз – бизнесменбіз. Артымызда ірі, шағын, орта бизнестер бар. Бір команда болып жиналып, партия құруға кіріскенімізде Мәжіліске кім барады деген сұрақ туындады. Бәріміз: «Жоқ, біздің шаруамыз бар, қандай Мәжіліс?» деп басымызды ала қаштық. Бірақ біз мемлекеттік органдарда жетіспейтін тәжірибемізді өзіміз бере алатынымызды түсіндік. Ертең денсаулық сақтау, білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы түбегейлі өзгереді деп биік мінберлерден айтып, уәде беруден аулақпыз. Бірақ біз шынымен тырысқымыз келеді. Қазір әлеуметтік желілерде саясатқа деген пессимистік көзқарас қалыптасты, көп адамдар билікті сынап, ешкімге сенгісі келмейді. Дегенмен, сын айту оңай, бірақ өз қолымызбен бір нәрсені өзгерту қиын деп шештік. Бірақ біз дәл осыны жасағымыз келеді», – деді Динара Шүкіжанова.

Спикерлердің баяндамасынан кейін қатысушылар кандидаттарға сұрақтар қойды. Қонаев тұрғындарының бірі азаматтардың кірісін қалай арттыруға болатынын сұрады. Бұл сауалға партияның тең төрағасы Сырымбек Тау былай жауап берді:

«19 миллион қазақстандықтың барлығының кәсіпкер болуы міндетті емес. Ең бастысы, әр адам өз ісінің маманы болуы керек. Сонымен қатар, жалақыны көтермей, жағдайды жақсарту қиын. Жұмыс істейтін адам лайықты жалақы алуы керек. Біздің барлық проблемаларымыз жалақының төмендігінен. Сыбайлас жемқорлық та, басқасы да дәл осы жетіспеушіліктен туындап отыр», – деді Сырымбек Тау.

Спикер қазақстандықтардың табысын арттыру үшін білім беруді дамыту, елімізде қосылған құны жоғары «кешенді» өнімдерді жасау, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндіктер беру керектігін атап өтті.

Еске салайық, бүгін таңертең партия көшбасшылары мен кандидаттар аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#сайлау