Қазақстанда әскери билет тек әскери қызметтен өткендерге ғана берілуі мүмкін
Әскерден қай санаттағылар босатылатыны да айтылды

Қазақстанда әскери билет тек әскери қызметтен өткендерге ғана берілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Заңда көзделген кейбір санатқа қатысты жұмысты жоспарлап отырмыз. Қазір 5 санат бойынша азаматтарды әскерден босатып отырмыз. Заң бойынша бізде 11 санат көзделген. Өзінің асырауында анасы болса, ата-анасы қайтыс болуына байланысты, ата-ана құқығынан айрылуына және ата-анасын сот бас бостандығынан айыруға соттауына байланысты кемінде екі жыл асырауында болған азаматтар әскерден босатылады. Депутаттар да әскерден босатылады. Бұл санаттармен жақында жұмыс жүргіземіз», - деді ол.
Ахмедиев атағандай, міндетті әскери есепке қою және оны жою бойынша бастама қолға алынады.
«Азаматтар мекенжайын қаладан қалаға ауыстырған кезде жергілікті военкоматқа барып тіркелуі керек. Ол да біраз уақытты алады. Сондықтан біз оны автоматты түрде ауыстыруға жұмыс істеп жатырмыз. Мен де ол тәжірибені өзім жүзеге асырып көрдім. Қазіргі таңда оның заңнамалық бағыты жасалып жатыр», - деді Дархан Ахмедиев.
Ол атағандай, әскерге шақырушыларға тіркеу туралы куәліктер және әскери қызмет өткермеген адамдарға әскери билеттер беру жойылады.
«Әскери қызмет өтпеген адамдарға әскери билет берілмейді. Осыған байланысты әскери қызметтен өтудің тартымдылығын арттыру көздеп отыр. Бұл да біраз қағазбастылықтан сақтайды әрі бюджет пен әскери комиссариаттың уақытын үнемдейді. Бұл жұмысты биыл аяқтаймыз деген ойдамыз», - деді ол.