ҚХА мүшесі: Қазақ халқы салт-дәстүрі басқа елдерді бөтенсімей, өгейсітпей көкірегіне басты
Қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігі өзін-өзі сақтап қалған қасиеті екенін айтып өтті
Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі Акбаржан Исмаилов Алғыс айту күніне орай пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Өнеркәсіп нысандарын салу үшін еліміздің түкпір-түкпірінен 1,2 миллионға жуық адам қоныстанды. Осыншама әр түрлі, әр дінді, әр тілді, мәдениеті, салт-дәстүрі басқа елдердің өкілдерін бөтенсімей, өгейсітпей, көкірегіне басқан қазақтың шексіз мейірімі мен жүрегінің кеңдігі қазақтың өзінің де осындай ұлы нөпірдің арасында жоғалып кетпей, өзін-өзі сақтап қалған қасиеті екенін айту керек. Осы қасиетімен қазақ жерінде өзге этнос өкілдерін айналасына жинап, тәуелсіздік туын желбіретті», - дейді Акбаржан Исмаилов.
Сөз арасында осы себепті де мейірім салтанат құрған күнде барша этнос өкілін бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстан халқы ассамблеясы құрылған күнін межелеп, дәл осы күн Алғыс айту күні болып жарияланғанын қозғап өтті.
«Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы атаулы даталардың түйісуі жаңа мерекеге де ерекше мағына берді. Бұл еліміздің барша этностар арасындағы өзара сенім мен сыйластық деңгейінің жоғары екенін, өзара түсіністік пен терең құрметті білдіреді. Осы күн – этностардың бір-біріне және оларды өз туғанындай қабылдап, мейірбандық танытқан қазақ халқына Алғыс айту күні. Бұл өзге этностардың қазақтың рухани игілігі – кеңпейілдігі мен қайырымдылық дәстүріне терең тағзым белгісі болып қалды.
Қазақтың қасиетті жеріндегі ең басты құндылық – бірлік пен татулық үшін ортақ жауапкершілігімізді сезінеміз және жарқын болашағымызға нық сенеміз. Айналамызда болып жатқан дүмпулі дүрбелеңдер тағы да бірнәрсені дәлелдеді. ХХІ ғасырдың ең басты ұстанымы халықтың татулығы мен келісімі болуы тиіс. Қай елдің болмасын экономикасының, саясатының, керек десеңіз, қауіпсіздіктің де өзегі осы болмақ. Ал өзегіне құрт түскен дарақ гүлдемейтіні, өркен жаймайтыны белгілі», - дейді Қазақстандағы тәжіктердің республикалық этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің мүшесі.