Энтони Блинкен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне барды

Мемлекеттік хатшы дәстүрлі қазақ музыкалық аспаптарының үнін тыңдады

Энтони Блинкен Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне барды
Фото: e.america.gov

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, Астанаға сапары барысында мәдениет пен өнер саласында және қазақ өнерінің дәстүрлі түрлерін жаңғыртуда дарынды мамандардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған Қазақ ұлттық өнер университетіне барды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік хатшыны Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, халық әртісі, профессор Айман Мусаходжаева құттықтап, қазақ музыкасына қызығушылық танытқаны және іс-сапар кезінде қарбалас жоспарға қарамастан, университетке уақыт тауып келгені үшін алғысын білдірді.

Мемлекеттік хатшы қазақ халқының мәдениетінде маңызды орын алатын дәстүрлі музыкалық аспаптар туралы біліп, олардың ерекше үнін тыңдады.

«Дәл осы шараның маңыздылығы бар. Себебі хатшы Блинкен музыканы жақсы көреді әрі гитарада ойнайды. Мемлекеттік хатшы, сонымен қатар Spotify-да тіркелген ABlinken деп аталатын тобының парақшасын жүргізеді, онда ол өзіне ұнайтын әуендермен, әлемді шарлап, естіген әндерімен бөліседі», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға ресми сапармен келген болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.