Шалғай ауылдарда әйелдердің отбасы құндылықтарын сақтауда үлесі зор – музыка мектебінің директоры
Қазір заң бұзғаны үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тек Қылмыстық кодексте белгіленген

Әдетте, елді алаңдатқан, қоғамда резонанс тудырған мәселелер орталық органдар деңгейінде талқыланады да аймақтардағы мамандардың, бір сөзбен айтқанда, аймақ халқының пікірі, көзқарасы елеусіз қалып жатады. Мәселен, қазір әйелдер арасындағы ең өзекті мәселелер – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, бала тәрбиесі, әйелдердің жоғары лауазымға көбірек тағайындалуы, бизнестегі әйел адамдардың үлесі, жалғызбасты аналардың тұрмысы сияқты бірқатар маңызды проблемалар биік мінберлерде талқыланып жатқанмен, бұл мәселелер шалғай аудандардағы халықты да алаңдатады, деп жазады Azattyq Ruhy.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанда» кез келген проблема жүйелі түрде, яғни, соңына дейін шешілуі керек дегенді жиі айтады. Президент ана мен бала тағдырын, елдегі гендерлік теңдікті, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлде төзбеу саясатын ұстанады.
«АНАЛАРДЫҢ ҮНІ ЖЕРДЕ ҚАЛМАЙТЫН КЕЗЕҢГЕ АЯҚ БАСТЫҚ»
Осы мәселелер бойынша Azattyq Ruhy тілшісіне өз пікірін білдірген Шығыс Қазақстан облысы Қатон-Қарағай ауданы бойынша білім бөлімінің «Балалар музыка мектебі» директоры Нұрила Жылқайдарованың айтуынша, шалғайда тұрса да ел дамуына жан-жақты үлес қосып жатқан қыз-келіншектердің, әсіресе, аналардың айтар ойы естілсе, ұсынары көп.
«Шығыс Қазақстан облысы таланаттарға толы. Ал, сол таланттарды тәрбиелеп, жетелеп, білім беріп отырған әрине ол ең алдымен аналар. Олардың бәрі әртүрлі саланың мамандары, сонымен қатар, аймағына еңбегін сіңіріп, бала-шаға тәрбиелеп отырған аналар. Әрине, халықты алаңдататын мәселелер біздің де назардан тыс қалмайды. Атап айтсақ, мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған аналарға қолдау білдіру, бизнес бастаймын деген ауыл әйелдеріге деген қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», - дейді Нұрила Жылқайдарова.
Бұл мәселелерді тереңірек тарқататын болсақ, Нұрила Жылқайдарова атап өткендей, шектеулі бала өсіріп отырған аналардың жағдайын жақсарту үшін құзырлы органдар біраз жұмыс атқарып отыр.
«Қоғам белсенділері, депутаттар жиі айтатын мәселе – мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналардың мәселесі. Қазір мемлекет тарапынан мүгедектік бойынша жәрдемақы алу үшін кейбір науқас балалардың аналары баласының денсаулығын жылда тексертіп, мүгедектікті жылда жаңартып отырады. Бұл әрине, бала үшін де, ана үшін де ауыр жұмыс. Көптеген комиссияның есігін қағатынын былай қойғанда, бұл психологиялық және материалдық тұрғыда да қиын. Сондықтан, партия осы ұсынысты соңына дейін жеткізсе, мүмкіндігі шектеулі бала өсіріп отырған аналар баласының мүгедектігін өмір бойына тоқтатса, көңілі орнына түсер еді. Әйтпесе, науқас баласын жыл сайын аудандық, облыстық, қалалық комиссиялардың алдына апару оңай емес», - дейді Жылқайдарова.
«ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫН КҮШЕЙТУ КЕРЕК»
Әділет министрлігі дәл қазір Ашық үкімет порталында Әкімшілік кодекске ұсынып отырған өзгерістерін қоғам талқылауына шығарып отыр. Әділет министрлігі Құқықтық саясат департаментінің сарапшысы Ақерке Мұсабекованың түсіндіруінше, Әкімшілік кодекске бірнеше жаңа өзгеріс ұсынылып отыр. Соның бірі – әкімшілік жаза үшін де қоғамдық жұмысқа тарту. Айта кетейік, қазір заң бұзғаны үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тек Қылмыстық кодексте белгіленген.
Әділет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, енді әкімшілік айыппұл алып, бірақ оны төлемеген адамдар да 150 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады. Бұл жаза бірқатар категорияға белгіленген. Міне, сол санат ішінде отбасының берекесін қашырып, әйеліне қол көтерген, денсаулығына жеңіл зиян тигізген, яғни, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа барған адамдар қосылған. Нұрила Жылқайдароваға осы өзгеріс туралы сұрақ қойып, пікірін білдік.
«Бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әйелінің денсаулығына жеңіл жарақат келтірген ерлерге айыппұл салынатын. Төлемесе сот орындаушысы есепшоттаын бұғаттайды. Ал, енді айыппұлды төлемеген жағдайда сот ондай адамды қоғамдық жұмысқа тартады. Ол адам көше тазалап, қар күреп, аулаларды абаттандырады. Бұл – Мемлекет басшысы айтқан кез келген қылмысқа мүлде төзбеу концепциясына келеді», - дейді ол.
«АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІ ЕШҚАШАН ЕҢБЕКТЕН ҚАШПАЙДЫ»
Тағы бір мәселе – кәсіп бастаймын деген ауыл әйелдеріне қолдау таныту. Еліміздің ең шырайлы өлкелерінің бірі – Қатон-Қарағай ауданынан келген делегация өкілінен аймақтағы ауыл әйелдерінің тұрмыс-тіршілігі, қызметі, қоғамдағы рөлі туралы сұрадық.
«Ауыл әйелдері өте еңбекқор. Жұмысынан басқа ауылдағы аналар мен қыз-келіншектер шаруашылықты қатар алып жүреді емес пе!? Үйінің алдына егін егіп, күзде талай өнім алады, қорасындағы сиырын сауып, балаларына ақ тамақ береді. Олар онсыз да кәсіп жасап отыр. Енді мемлекеттің қолдау шараларының арқасында осы дағдыларын кәсіпке айналдырса, жұмыссыз отырған аналар үшін үлкен мүмкіндік әрі әрине, мол табыс болар еді. Тағы бір айтайын деген маңызды мәселем – талант іздесеңіз, ауылға барыңыз.
Өзім басқарып отырған музыка мектебінде сан өнерді қатар алып, ерекше дауысымен, ерекше қабілетімен көзге түсіп жүрген балалар бар. Соларды тәрбиелеп, өнерінен қалдырмай, сол арқылы бізге де қолдау танытып отырған аналарына мың алғыс. Өйткені, жұмысымен қатар, отбасы, ошақ қасындағы тыныштық пен берекені сақтап отыру, әрі әр баласының қалауына, ізденісіне көңіл бөлу – өте үлкен жауапкершілік. Жуырда осы біздің шығыс өңірінен шыққан Мирас Ерболов есімді талантты жас жігіс «Қазақстан Х фактор» жобасының жеңімпазы атанды. Оған бүкіл облыс болып дауыс бердік. Міне, ауыл-аймақты дамыту арқылы, ауылдағы халықтың үнін тыңдау арқылы біз отбасы құндылықтары, бірлік пен берекені, қазақтың ұлттық тәрбиесін дамыта алатын едік. Форумда біз осы тілегімізді айттық. Және форумда айтылған өзекті мәселелерді ауылдағы әріптестерімізге жеткізуге асығамыз», - дейді сөзін қорытындылаған Нұрила Жылқайдарова.
Сымбат Молдатай