$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда оқушы қыздар зорлық-зомбылыққа қарсы қосымша ойлап тапты

Қосымша жақында маркетплейстерге жүктеледі

Қазақстанда оқушы қыздар зорлық-зомбылыққа қарсы қосымша ойлап тапты
фото ашық дереккөзден

Алматы қаласында оқушы қыздар бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте көмек бере алатын ұялы қосымша ойлап тапқан. Жасөспірімдер өз жобаларына «TOZBE» деген атау қойған. Ұялы қосымша әзірге қолданысқа енбеген, бірақ, әлеуметтік жетекші Мира Унғарованың айтуынша, жуырда қосымша маркетплейстерге жүктеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚОСЫМШАНЫҢ КӨМЕГІМЕН ЗОРЛЫҚ КӨРГЕН ӘЙЕЛ ЖАҚЫНДАРЫНА ШҰҒЫЛ ХАБАР БЕРЕ АЛАДЫ

Қазақстанда жыл сайын 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болатыны жиі айтылады. Міне, жас та болса, осы мәселеге алаңдаған оқушылар тұрмыстық зорлықтың алдын алу үшін, жапа шегіп жүрген аналар мен әйелдерге қандай да бір көмек беру үшін ұялы телефонға көшіріп алуға болатын қосымша ойлап тапқан.

Қосымшаға «TOZBE» деп атау бердік және осы қосымшаның арқасында зорлық-зомбылық көрген әйелдер жақындарына, дағдарыс орталықтарына, психологтар мен тиісті мамандарға шұғыл хабар жібере алады», - дейді жоба авторлары.

Бүгінгі замандағы өзекті мәселені шешу үшін арнайы қосымша ойлап тапқан оқушы қыздардың бұл жобасы «Infomatrix Asia» халықаралық байқауындағы «Бағдарламалау» санатында жеңімпаз атанып, «Қазақстанға арналған 100 идея» ұлттық байқауының «Әлеуметтік сала» номинациясында жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, оқушы қыздардың бастамасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің арнайы грантын да ұтып алған.

«ТИІСПЕ», «КӨМЕКТЕС». ҚОСЫМША ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ ҚҰРБАНЫНА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕ АЛАДЫ?

Ұялы қосымшаның басты функциясы – қарапайым сөздерді естігенде іске қосылатын көмек батырмасы. Зорлық құрбаны осы қосымшаны жүктеп алса және өзіне қауіп төнгенде «көмектес», «тиіспе», «жібер» деген сөздерді айтса, жеткілікті. Әйел қосымшада алдын ала өзі таңдап қойған нөмірлерге шұғыл хабар түсіп, дәлел ретінде әйелдің осы сөздерін аудиожазба ретінде жібереді. Кейін бұндай аудиохабарламалар сотта да айғақ бола алады.

Ең бастысы, құрбанының осындай қосымша көшіріп алып, көмек сұрайтынын зәбір көрсетуші біліп қоймау мақсатында оқушы қыздар оның интерфейсін әртүрлі жанрдағы кітаптардың суретімен жасырған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны қосымшаны жасыру үшін және керек кезінде пайдалану үшін өзі ғана білетін бір кнопканы белгілеп қойса болғаны.

Қосымшаның ішінде елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмектесетін дағдарыс орталықтары мен психолог мамандарды нөмірі бар. Тиісінше, зорлық құрбаны қорлық көріп жатқанда өзі ғана білетін нүкте арқылы осы нөмірлерге бірден хабар бере алады. Яғни, әуел баста  айтқанымыздай, қосымша «тиіспе», «көмектес», «жібер» деген сөздерді естісе, осы байланыс нөмірлеріне хабар береді.

ҚЫЗ БАЛА ЕРТЕ ЖАСТАН-АҚ ӨЗІН ҚОРҒАУДЫ ҮЙРЕНУІ КЕРЕК

Ал, балалар және отбасы мәселелері жөніндегі психолог Шолпан Әбілова болса, бұндай қосымша қазір бізге өте қажет дейді. Оның үстіне, бұндай ауқымды әрі қажетті қосымшаны оқушы қыздардың ойлап тапқаны құптарлық жағдай екенін айтады.

«Бұл өте орынды программа деп ойлаймын. Өйткені, қыз балалар өзін-өзі қорғай білуі керек. Менің ойымша, осы қосымшаны жасап шығарған оқушы қыздардың арасында тұрмыстық болмаса да,  қандай да бір жамандық көрген адам бар және қыздар ол туралы біледі. Сол адамға деген ниеттің арқасында  осындай идея туындауы мүмкін. Өйткені, бұндай  жастағы оқушылардың ойына бұндай ауқымды ой келе қоймайды. Қыз балалардың осындай жастан-ақ өздерін қалай қорғау керек, біреуден зорлық көрсе, ашық айта алу және оны ендігі кезекте болдырмаудың амалын жасау ол келешек ұрпақтың психикалық дамуының дұрыс нәтижесі деп білемін», - дейді бізге өз пікірін білдірген психолог Шолпан Әбілова.

Жалпы, тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбына қатысты ойын айтқан психолог «бұл тақырып - адамның өміріндегі , әдемі сәттің ажарын кетіретін, жүректі езіп сызат түсіретін, кешірімге келмейтін, кешіруді көздемейтін тақырыптың бірі», дейді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық бар отбасы ешқашан дұрыс отбасыға жатпайды. Неге? Өйткені ол жерде қатыгездік көп. Ерінің әйеліне, әйелінің еріне, баланың ата-анаға деген қатыгездігі туындайды. Бірден көзге көрініп, қолға ілінбес, бірақ,  уақыт өте келе адамның бойынан қанша жасырса да бір сәтте атылып шығуы әбден мүмкін», - деген психолог тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 4 түрі болатынын және олар қандай сипатқа ие болатынын түсіндіріп берді.

«Ол психологиялық, әлеуметтік, экономикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Әр түрінің өз трагедиясы бар. Қазіргі таңда, ең белең алып жатқан түрлері психологиялық және жыныстық. Ал, осы зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамға қалай көмектесе аламыз деген сұраққа жауап беретін болсақ, жалпы, құрбанның өзі сұрамаса, өзі ізденбесе, өзі қаламаса, оны шыңыраудан шығарудың жолы жоқ. Кейде құрбан рөлін дұрыс көретін, яғни, сол рөлі «ұнайтын» жандар болады, сондықтан қаншалықты жанымыз ашып, мықты маман болсақ та, әркімнің өз таңдауына қарсы келе алмаймыз», - дейді психолог.

Дегенмен, Әбілованың айтуынша, ақырын сөзге тарту арқылы ондай адамдардың, яғни, көбінесе, жолдасынан зорлық-зомбылық көрген әйелдердің көзінен үміт отын байқаған жағдайда, кәсіби тұрғыда көмектесудің жолдары бар.

«Маман ретінде адам бойынан, көзіндегі қараңғылықтың түбінен бір жарықты көрсем, барынша өмірдің өзгерісін сезіндіруге, оны әспеттеп, ғажабына сендіруге тырысамын. Сол арқылы қанаттандырып, үміт отын жағамыз. Жәбірленушіге, мейірім сыйлау, мәселені ашу, оны айшықтау, мәселенің соңын баяндау арқылы өзіне ерік беріп, көмектесе бастаймын. Неге өзіне ерік беру дейсіз ғой? Адам қандай жағдай болмасын, әр әрекетін өз жауапкершілігіне алып үйренген кезде ғана өз өмірін қолға алады», - дейді ойын түйіндеген Шолпан Әбілова.

Ал, сөз соңында Қазақстанда тұрмыстық-зорлық зомбылық фактілерінің статистикасына зер салсақ, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитетінің мәліметі бойынша, соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түсетін хабарламалар саны үш есе көбейген. 2023 жылдың басынан бері еліміз бойынша 18 мың адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны белгілі болып отыр.

Серіктес жаңалықтары