Алматыдағы 3 қонақ үйден жезөкшелер ордасы анықталды
Олардың екеуі Түрксіб, үшіншісі Әуезов ауданында орналасқан
Қонақ үй кешенінің қожайындары ғимаратты интимдік қызмет көрсететін қыздарға жалға берген. Адам саудасына қарсы күрес қызметкерлерінің арнайы ұйымдастырған шарасы барысында анықталған жезөкшелер мен жеңгетайлар жауапкершілікке тартылды деп хабарлады Azattyq Rýhy тілшісі қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Демалыс күндері қолға түскен 30-ға жуық жезөкшенің бәрін полиция ЖИТС орталығына жеткізген.
«Бұл жолы біз жылжымалы зертхананы пайдаланып, жеңіл жүрісті қыздар жыныстық жолмен жұғатын түрлі инфекциялық аураларға тексерілді. Шараға қалалық ЖИТС орталығының қызметкерлерін де тарттық», - деді Криминалдық полиция басқармасының басшысы Жанадат Зиадин.
Полицияның ақпаратынша, соңғы 10 күнде Алматыда тәнін саудалауды кәсіп қылған 245 қыз ұсталыпты. Жеңіл жолмен ақша тауып жүрген жезөкшелердің арасында Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Украина азаматтары аз емес. Жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ қыздар полицияның қабылдау-тарату орталығына қамалды.
Еске салайық, былтыр Бақытжан Сағынтаев Алматыға әкім болып тағайындалған күннің ертесіне Сейфуллин даңғылын жезөкшелерден тазартуды тапсырған еді.