Петроправлда тәркіленген контрабандалық тауар мұқтаж жандарға таратылады
Қазір көмекке мұқтаж азаматтардың тізімі жасалып жатыр

Петропавлда тәркіленген контарабандалық тауар материалдық жағдайы төмен тұрғындарға таратылады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2014 жылы Кеден қызметі Қытайдан Солтүстік Қазақстан арқылы Ресейге тасымалданған контрабандалық тауар партиясының жолын кескен болатын. 20 мың тонна жүк заттай айғақ ретінде тәркіленген. Тергеу шаралары бірнеше жыл бойы жалғасты. Соттың шешімімен заңсыз тауар мемлекет меншігіне берілді. Облыстық Экономикалық тергеу департаменті 50 мың дана киім-кешекті қалалық әкімдік мамандарына тапсырды. Қазір көмекке мұқтаж азаматтардың тізімі жасалуда.
«Киім-кешек қоймада ұзақ жатты. Соған қарамастан пайдалануға жарайды. Заттай айғақ ретінде тәркіленген тауар Солтүстік Қазақстан тарихында алғаш рет мұқтаж азаматтарға таратылмақ», - дейді облыстық Экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі Елена Белоус.
Мамандардың айтуынша, тәркіленген тауарды жойып жібермей, мұқтаж жандарға таратып беру – оңтайлы шешім. Статистикалық мәліметтер Қазақстанда материалдық жағдайы төмен азаматтардың көбейіп отырғанын көрсетті. 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз тұрғындар саны бір жылда 4,5 пайызға көбейіп, 180,9 мың адамға жеткен.
2022 жылдың үшінші тоқсанында жан басына шаққандағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа мөлшері 46,7 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 26,9 пайызға артық. Сонымен бірге, тұтынуға пайдаланылған кірістер 80,2 мың теңгені құрап, бір жылда 14,3% - ға өсті. ҚР бойынша орташа ең төменгі күнкөріс деңгейімен тұтынуға пайдаланылған кірістердің арақатынасы 171,8% -ды құрады.