Отбасы бақыты, жарасымдылық: тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу
Былтыр Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерген
Елімізде отбасылық құндылық мәселесі соңғы жылдары өте өзекті болып тұр. Әке – отбасының тірегі, ана – оның ұйытқысы, бала – сол отбасының айнасы деген қанға сіңген қасиет ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Алайда осы бір көркем келбетімізден ажырап, қасиетімізден айырылып жатқандаймыз. Ер мен әйелдің ажырасып кетуі өз алдына, кикілжіңнің соңы өлім жағдайына жетіп те жатыр. Ал негізінен зардап шегетін – нәзік жандылар. Проблеманың түйткілденіп, өзектіленуіне не себеп? Отбасылық құндылықтардың ақырындап жойылып бара жатқаны ма? Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің мәнісіне ой жүгіртіп көрді.
БІР АЙДА 18 АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ
Бұл жолғы тақырыбымызды отбасы мәселесіне аударуымызға мына бір ақпарат түрткі болды. Жуырда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Әкімшілік полиция комитеті жұртты елең күйге салар мәлімет жариялады. Комитеттің хабарлауынша соңғы бес жылда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша түсетін хабарламалар саны үш есе артыпты. Ал олардың 60 пайызына полиция жәбірленушілердің өтініш беруден бас тартуына байланысты шара қолдана алмаған көрінеді. Ал қолданыстағы заңнама бойынша мұндай «үй тирандарына» арыз болмаса шара қолданылып, жауапқа тартылмайды. Осының салдарынан жұбайын соққыға жығуды әдетке айналдырғандар жазасыз қалып жатады. Ал мұның соңы кісі өліміне барады. Неліктен дейсіз бе? Себебі қол көтеру – бұл отбасында әдетке айналып қалған.
Салдары сол, жыл басынан бері, яғни небәрі бір айдан сәл аса уақыт ішінде 18 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған. Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенер болсақ, жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық мәселесі бойынша 100 мыңнан аса хабарлама түседі. Демек жыл сайын 60 мыңдай «тиран» жазасыз қалып жатыр. Бұл мәселенің алдын алу үшін не істемек керек? Кез келген адамның жеке шекарасы бар. Ол мейлі ерлі-зайыпты болсын. Екеуінің де өзіне тән қызығушылығы, жанының қалауы бар. Бірінің ұнатқанын, екіншісі ұнатпауы мүмкін. Ол табиғи заңдылық деуге болады. Бірақ оған құрметпен қарауы шарт. Ал тиісті деңгейде құрмет болмаса, қорғауы қажет. Бұл ойымызды психолог Жасұлан Сейітқалиев те қолдады.
«Ер адам қол көтермес алдын жұбайына түрлі шектеулер қояды. Мысалға алсақ төрт жыл жоғары оқу орнында білім алған әйелінің жұмыс істеуіне тыйым салады. Ақылдасып, бір шешімге келудің орнына өз тарапынан шешім қабылдап қояды. Әйелі алдымен осыған көнеді. Екіншісінде тағы бір шектеуіне көнеді. Үшінші, төртінші... Осылай кете береді. Әйел адам күйеуінің неше түрлі шектеу қоюына жол беріп тұр. Яғни жеке шекарасына рұқсатсыз, өзінің келісімінсіз өтуіне келісіп тұр. Ақырындап бір күні қатты сөйлейтін болады, соңында қол көтеруге дейін барады. Әйел адам күйеуінің орынсыз, өзінің келісімінсіз шектеулеріне уақытында «жоқ» деп айтуды білуі керек. Әйел адам – нәзік жаратылыс. Ал оның еркекке тән қасиетін қосатын уақыты – жеке шекарасына өтуіне, қол көтеруіне қарсылық білдіретін шақ», - дейді психолог маман.
Бала – отбасының айнасы. Ал әкенің озбырлығын көріп, зорлық-зомбылықтың ортасында өскен баланың болашағы қандай болуы мүмкін? Әкенің көрсеткен «жолын» қуып, отбасының ойранын шығарып отырмасына кім кепіл? Ұрпақ тәрбиесінде халқымыз бей-жай қарамаған. Бала тәрбиесі назардан тыс қалмауы қажет аса бір күрделі әрі маңызды іс. Балаға белгілі бір деңгейде араласатын достары, ортасы әсер еткенмен тәрбие ата-ана тарапынан беріледі. Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ.
БІР ЖЫЛДА 18 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ АЖЫРАСҚАН
Тақырыбымызды қаузап, проблеманы көтеріп отырғанымызда Ұлттық статистика бюросы некеге тұрғандар және ажырасқандар саны туралы хабарлама таратты. Ақпарат Tengrinews сайтында жарияланды. Хабарламаға сүйенсек, былтыр қаңтар-желтоқсан айлары аралығында Қазақстанда 128,5 мың жұп шаңырақ көтерсе, 17,7 мың отбасы ажырасқан. Бұл бір жыл ішінде үйленген отбасының 13,8 пайызын құрайды.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша заңды түрде неке қиғандар саны азайып келеді. 2021 жылдың 12 айымен салыстырғанда заңды некеге тұрғандар үлесі 8,4 пайызға азайған екен. Неке коэффициенті 1000 адамға 6,46 құрайды.
«Сол сияқты 17,7 мың жұп ажырасқан (соттың некені бұзу туралы шешімдерін есепке алмағандағы АХАТ органдарының деректері бойынша). Бұл 2021 жылғы деңгейден 8,1 пайыз төмен. Ажырасу коэффициенті 1000 адамға 0,89 құрады», - делінген Ұлттық статистика бюросы таратқан хабарламада.
Халықаралық зерттеу мәліметтеріне көз жүгіртсек, Қазақстан ажырасу көрсеткіші жоғары елдердің қатарында тұр. Былтыр Халықаралық World Population Review сайтында ақпарат жарияланып, Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте екінші орынға тұрақтағаны көрсетілген.
«2020 жылы бұрынғы Кеңес Одағының қатарында болған Қазақстан Республикасы ажырасу саны бойынша әлемде екінші орынға ие болды. Ажырасу көрсеткіші әр 1000 адамға – 4,6 келеді. Ресей (3,9), Бельгия (3,7) және Беларусь (3,7) оның артынан келеді. Америка Құрама Штаттары бұл тізімде 9- 12-орындар аралығында, жыл сайын бұл елде ажырасу деңгейі 1000 адамға шаққанда 2,7-ні құрайды. АҚШ-тың Невада штатында ажырасу көрсеткіші тым жоғары – 14% құрайды», - деп көрсеткен World Population Review сайты.
Алайда бұл мәліметті артынан Ұлттық статистика бюросы жоққа шығарған болатын.
«Елімізде 2021 жыл ажырасу дерегі – 1,00 құраса, 2020 жыл – 1,18 құрады. Ажырасу көрсеткішінің жоғары деңгейі 1990 жылдары болған. 20 жыл ішіндегі максимум көрсеткіш 2019 жылы – 3,23 жеткен», - делінген былтырғы мәліметте.
ЕУРОПА ЕЛДЕРІНІҢ МӘДЕНИЕТІ
Ұлттық статистка бюросы да, World Population Review сайты да жариялаған мәліметтер көңілге мұң ұялатары сөзсіз. Осы тұста шетелдік басылым жасаған рейтингте Еуропаның дамыған елдері неліктен көрінбейді деген ой туындайды.
Егер мән беріп қарайтын болсақ, батыс елдерінде көңіл жарастырған қыз бен жігіт некелерін заңды түрде қимас алдын бір шаңырақ астында өмір сүріп көреді. Ойлары бір жерден шығып, бірін бірі шынайы ұнатқан соң ғана ресми үйленіп жатады. Ал осы аралықта бірнеше баланың ата-анасы болып жататынын байқаймыз. Осыдан кейін үйлену тойларын салтанатты жағдайда атап өтіп жатады. Ал бірін бірі ұнатпай, сезімдері суып жатса екі бөлек кетеді.
Ажырасу көрсеткішін азайту үшін Еуропа мәдениеті қалыптасу керек пе, деген ой туындайтыны анық. Некесіз қыз баласына қол тигізбейтін, тектілікті сақтап, жеті атадан қыз алыспайтын менталитетіміз мұндай қадамға жол бермейтіні анық. Олай болса ажырасу көрсеткішін азайтып, мүлдем тоқтату үшін не істемек керек?
«О баста бірін бірі ұнатып, көңіл жарастырған ер мен әйелдің арасында сезім неліктен суып кетеді? Бұл проблема екеуара отырып, әңгімелеспегеннен, ішіндегі проблеманы айтып, соны бірге шешпегеннен пайда болады. Мен ажырасудың алдын алу үшін үйленейін деп жүрген жандарға мынандай бір ой тастар едім. Кез келген отбасы бақытты өмір сүруді қаласа бүгінгі күнімен шектелмей, болашағын ойлауы қажет. Сол себепті бақытты отбасы болудың, оның жетістікке жетер жолын таңдап, алдына жоспар құруы керек дер едім. Ал батыс елдері секілді некеге дейінгі бір үйде өмір сүру дағдысын өз басым қолдамаймын. Себебі ер адамның психологиясымен айтсам, төсек қарым-қатынасынан кейін серігіне деген қызығушылығы бәсеңдеп қалады. Ал менталитетіміз үшін бұл мүлдем жат қылық», - дейді психолог Жасұлан Сейітқалиев.
Иә, батыс елдерінде ресми түрде ажырасу көрсеткіші аз болғанмен некеге дейінгі қарым-қатынастан туған сәбилер жоқ емес.
Ойымызды қорытындылар болсақ, отбасының сыйластықта өмір сүріп, бақытты күн кешуі – жарқын болашақтың кепілі. Ал оның тату-тәтті өмір сүру ері мен жұбайының мойнында. Кінә ылғи екі тараптан болады, сол себепті туындаған проблеманы уақытында бірлесе шешу қажет.