Fly Arystan 3 мыңнан астам балаға билетті жеңілдіксіз сатқаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін
Авиациялық көлік прокуратурасы әуе компаниясына тексеріс жүргізді
Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы жолаушылар құқығын сақтау мәселесі бойынша «Fly Arystan» АҚ авиакомпаниясының қызметіне тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тексеру көрсеткендей, авиакомпания халықаралық рейстерге билеттерді сату кезінде 2 жастан 12 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған жолаушыларға арнайы 50% жеңілдіктерді қолданбаған.
Мысалы, 2022 жылдың қаңтарынан қазан айлары аралығында халықаралық бағыттар бойынша стандартты тарифтер бойынша 3 мыңнан астам кәмелетке толмағандар тасымалданған.
«Прокуратураның ұсынуы негізінде Азаматтық авиация комитеті авиакомпанияға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 571-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Жиналған материалдар Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен қаралып, жолаушыларды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін авиакомпанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулы қабылданды», - деп көрсетті Бас көлік прокуратурасы
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.