Бас прокуратура соңғы екі жылда 80 мыңнан астам заңсыз шешімнің жолын кесті
Ведомство қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің келесі кезеңіне көшу жайын түсіндірді
ҚР Бас прокуратурасы қылмыстық процестің үш буынды моделін енгізудің келесі кезеңіне көшу бойынша шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мемлекет басшысы қылмыстық саланы реформалауды және қылмыстық сот ісін жүргізудің үш буынды моделін енгізуді тапсырған болатын.
«Бұл құқық қорғау жүйесін реформалаудың бастапқы нүктесі болды. Барлық процесс бірнеше кезеңге бөлінеді, оның басты мақсаты тергеу органы, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктерді нақты ажырату болып табылады. Мұндай ажырату тергеу органдарының негізсіз шешімдерінен қорғай отырып, құқық қорғау кедергісін тудырады», - деп түсіндірді Бас прокуратура өкілдері.
Бүкіл процесс цифрландырылған және электрондық форматта өтеді, бұл заңбұзушылықтардың дереу жолын кесуді және қылмыстық процестің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Прокурор аталған механизмде дәлелдемелерге тәуелсіз баға береді, негізді процестік шешімдерді келіседі және айып тағады.
Негізді процестік шешімдердің прокурордың келісімінсіз заңды күші жоқ екенін және құқықтық салдарға әкеп соқпайтынын атап өткен жөн. Үш буынды модельдің бірінші кезеңін енгізумен прокурорлар 2021 жылдан бастап тергеу органдарының барлық негізді шешімдерін бекітеді.
«Осы уақыт ішінде прокурорлар келісуден бас тарту арқылы процеске қатысушылардың құқықтарын қозғайтын 80 мыңнан астам (2021 жылы – 53 270, 2022 жылы – 28 180) заңсыз шешімдер қабылдаудың жолын кесті. Қылмыстық орбитаға 6 мыңға жуық адамды негізсіз тартуға жол берілмеді (2021 жылы – 3771, 2022 жылы - 2224), бұл үш буынды модель енгізілгенге дейінгі көрсеткіштен 20 есе көп. 2022 жылдан бастап үш буынды модельді енгізудің екінші кезеңі басталды, онда прокурорлар аса ауыр санаттағы қылмыстар бойынша айыптау актілерін жасайды», - делінген ведомство хабарламасында.
Дәл осы құжат тергеп-тексеруді аяқтайды. Екінші кезең прокурордың дәлелдемелерді тәуелсіз құқықтық бағалау механизмін күшейтеді және айыпталушыны сотқа беру кезінде оның жауапкершілігін жекелендіреді.
«Өткен жылы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталуы туралы есеппен прокурорға 1200-ден астам іс келіп түсті, оның ішінде қосымша тергеп-тексеруге 80-ге жуық іс қайтарылды, қалғандары бойынша істерді сотқа жібере отырып айыптау актілері жасалды, 800-ден астам адам сотталды. Осы жылы айыптау актілері сыбайлас жемқорлық істері бойынша, ал 2024 жылдан бастап - қалған санаттар бойынша жасалады», - делінген хабарламада.