Шығарылғанына 20 жылдан асқаны көп: Қазақстанда қанша көлік тіркелген

Azattyq Rýhy

Алдыңғы жылмен салыстырғанда, елімізде автокөлік саны 3,7%-ға артты

Шығарылғанына 20 жылдан асқаны көп: Қазақстанда қанша көлік тіркелген
Фото: elements.envato.com

Қазақстанда өткен жылдың соңғы айында 124,2 мың бірлік автокөлік құралы есепке қойылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 1,5% азайған, оның ішінде тіркелген жеңіл автомобильдер саны 5,1%-ға төмендесе, керісінше жүк автомобильдерінің саны 68,4%-ға, автобустар 2,1 есе артқан.

«Осылайша, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік құралдарының саны 4 449,3 мың бірлікті құрады, оның ішінде 87,9%-ы – жеңіл автомобильдер, 10%-ы – жүк автомобильдері және 2,1%-ы – автобустар», - делінген бюро зерттеуінде.

2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда, жалпы автомобильдер саны 3,7%-ға артты, оның ішінде жеңіл автомобильдер саны 2,9%-ға, жүк автомобильдері – 7,1%-ға, автобустар 24,7%-ға көбейді. 

«Жалпы тіркеудегі көліктер арасында шығарылған жылы 20 жылдан асқан көлік саны басым  – 51%, 10 жылдан 20 жылға дейін – автопарктің 21%, 7 жылдан 10 жылға дейін – 14%, 3 жылдан 7 жылға дейін – 6%, автокөлік құралдарының тек 8%-ның шығарылған жылы 3 жылдан кем», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республикада 3 696,6 мың жеңіл автокөлік жекеменшік иелігінде болған. 2021 жылмен салыстырғанда жекеменшіктегі жеңіл автомобильдердің үлесі 3%-ға өсті).

«Жеңіл автомобильдердің ең көп үлесі Алматы облысының (472,5 мың бірлік), Алматы қаласының (448,2 мың бірлік) және Шығыс Қазақстан облысының (272,9 мың бірлік) жеке иелеріне тиесілі.

Халықтың жеке меншіктегі жеңіл автомобильдермен қамтамасыз етілуі бойынша 100 адамға шаққанда 18,6 бірлік көліктен келеді. Өңірлер бөлінісінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарының иелігіндегі жеңіл көлік саны көп болып шықты, 100 адамға 37,3 көлік, одан кейін Алматы облысы – 31,5, Қарағанды облысы – 23,6», - дейді сарапшылар.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сақтандыру ұйымдары көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша 49,1 млрд теңге сомасына 92 146 сақтандыру төлемдерін жүзеге асырды2). 2021 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда сақтандыру төлемдерінің сомасы 29,5%-ға өсті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.