Түркияда жер сілкінісі қолдан жасалған ба?
WhatsApp-та дәлелдейтін видео тарады
WhatsApp-та Түркиядағы жер сілкінісі қолдан жасалғанын дәлелдейтін видео тарады. Бұл туралы сюжет түрік телеарналарының бірінде көрсетілген. Бұл шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Іс жүзінде таралған видео 2022 жылдың қараша айында Түркияның бірқатар аудандарында 6.1 баллдық жер сілкінісі болған кезде түсірілген роликтерден тұрады. Қазір таратылып жатқан видео үзінділері елдің екі түрлі бөлігінде түсірілген. Ауласы жарықтандырылған үйдің видеосы Дюздже қаласында түсірілген. Екіншісі, алыста келе жатқан машиналардың ақ-қара видеосы Биледжиктегі Оклуджа ауылында түсірілген.
«Екінші видеода көкжиекте жарық жыпылықтайды. Бұл жер сілкінісінің қолдан жасалғандығының дәлелі емес. Ерекше әсер нақты түсіндірілмесе де, олар қастандық теориясын растай алмайды. Біріншіден, жарық жыпылықтаған кезде жер асты дүмпулері болып жатқан еді. Демек, керісінше, жыпылықтаған жарық жер сілкінісінен немесе оның салдарынан туындаған. Екіншіден, әлемде күшті жер сілкінісін қолдан жасайтын технология жоқ.
Сонымен қатар конспирологтар HAARP жүйесі жер сілкінісін тудыратын құпия қару болуы мүмкін деген идеяларды бірнеше рет алға тартты. Шын мәнінде, бұл жүйе жердің ионосферасын бақылауға арналған және Аляска университетіне тиесілі. Ол ауа райына, тектоникалық плиталардың қозғалысына және басқа табиғи құбылыстарға әсер ете алмайды», - делінген хабарламада.
Қорыта айтқанда, Түркиядағы жер сілкінісі қолдан жасалмаған. Ал таралған видео – бұл мәлімдемені дәлелдемейтін ескі роликтер топтамасы.
Айта кетейік, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев апат орын алған алғашы күні-ақ Түркия Республикасына қосымша гуманитарлық көмек жіберу жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы шұғыл жәрдем ретінде 1 миллион доллар бөлінетінін хабарлаған еді. Бұдан бөлек, қазір зілзала болған аймақта қазақстандық құтқарушылар да адамдарды іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал қазақстандық еріктілер Кахраманмараш қаласында 100 қазақ үйін тігіп жатыр.
Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 418-ге жетті. Апат кезінде жарақат алған 13 208 адам қазіргі уақытта елдегі ауруханаларда ем қабылдап жатыр.