«Оларды міндетті түрде марапаттаймыз»: Президент Түркияға кеткен құтқарушыларға қатысты
Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар

Түркияға көмекке жіберілген қазақстандық құтқарушылар елге оралғаннан кейін марапатталады. Бұл туралы Мемлекет басшысы М.Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясына барған іс-сапарында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Президент Академия курсанттары алдында сөйлеген сөзінде Түркияға құтқару жұмысын атқаруға кеткен құтқарушылардың ерлігі еленетінін атап өтті.
«Жақында Түркияда жойқын жер сілкінісі болғанын білесіздер. Менің тапсырмаммен бауырлас Түркия еліне құтқарушылар және дәрігерлер жіберілді. Олардың арасында Ақмола облысының мамандары да бар. Яғни 18 адам.
Біздің құтқарушылар бірнеше адамды аман алып шықты. Түркияда күндіз-түні жұмыс істеп жатқан азаматтарымызға алғыс айтамын. Түркиядан аман-есен оралған соң оларды міндетті түрде марапаттайтын боламыз», - деді Президент.