Түркияда ұрылар мүлікті тонап, атыс-шабыс көбейген
Австралия мен Германиядан келген құтқарушылар жұмысты еріксіз тоқтатып, бас сауғалауға мәжбүр
Түркияда үйлер мен ғимараттар жермен-жексен болып, 30 мыңдай адам зілзаладан қырылып жатқанда ұрылар дүкендерге ауыз салды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Алды-артына қарамай зытып бара жатқан адам Антакия қаласындағы ұрлық кезінде көзге түскен. Ашуға булығып, ашынған кәсіпкерлер арсызды аямай ұрып, бет-аузын қан-жоса қылған.
«Зілзала кезінде дүкенімнің керіберіс қабырғасы құлап қалған болатын. Соны пайдаланған қаскүнемдер 70 мың лира қолмақол ақшамды және біраз қымбат тауарымды үптеп кетті», «Дүкеніміз жермен-жексен болған. Ұрылар осы маңдағы дүкендерді және жолдағы базарды тонап кетіпті. Түк қалдырмаған», - дейді дүкен иелері
Бұл бұл ма, ұрылар дүкен-базарды қойып, үйлер мен көліктерді арсыздықпен тонауға көшкен.
«Ұрыларда иман жоқ. Олар үйлерімізді, көліктерімізді тонап жатыр. Қалған затымызды, шамамыз келгенше қорғап жүрміз», - дейді ашынған тұрғындар.
Тонауға ашық кіріскен ұрылар ашындырған соң, атыс-шабыс та көбейген. Әрбір жерде оқ атылып, құтқару ісіне қауіп төнді. Біреуді құтқарамыз деп Австралия мен Германиядан келген мамандар жұмысты еріксіз тоқтатып, өздері бас сауғалауға мәжбүр.
«Зілзала болғалы 6 күннен бері тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр едік, қауіпсіздік мәселесі ушыққан соң өзіміз бірдеңеге ұшырап қалмас үшін құтқару ісін уақытша тоқтаттық. Жағдайдың толық бақылауға алынғанын күтеміз», - дейді Германиядан келген құтқарушы Стивен Байер.
Президент Режеп Тайып Ердоған ұрлық-қарлықты тез арада тоқтатып, ұсталғандарды қатаң жазалау туралы арнайы жарлық шығарды.
«Төтенше жағдай туралы заң қабылдадық па? Қабылдадық. Бүкіл ел зілзаладан зардап шегіп, зарлап жатқанда, ұрыларды тайраңтадып қоюға болмайды. Базарлар тоналған. Біздің халық мұндай күнәға бармауы керек. Шын мұқтаждарға кәсіпкерлер қолындағы барын береді», - деді Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған.
Түркияның Қорғаныс министрлігі көшелер мен базарларда қауіпсіздікті күшейту үшін арнайы әскер шығарды. Әділет министрі қазірдің өзінде 64 ұрының қамауға алынғанын хабарлады.