Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, екі адам зардап шекті
Оқиға орнына 2 құтқарушы мен 1 бірлік техника жіберілген
Ақтөбе облысында газ баллоны жарылып, 95 жастағы әйел зардап шекті. Бұл туралы Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылғы 7 ақпан күні сағат 12:45-те Ақтөбе облысы Қарғалы ауданы, Петропавл ауылында, Гагарин көшесіндегі жеке тұрғын үйде газ баллоны жарылған.
Департаменттің хабарлауынша, оқиға орнына құтқарушылар барған кезде жеке тұрғын үйде 5 литрлік газ баллонының, газ-ауа қоспасының жарылуы салдарынан, үйдің қабырғалары бүлініп, өрт шыққаны анықталған.
Оқиға орнына 2 құтқарушы мен 1 бірлік техника жіберілген.
«Үй иелерінің көршілері өртті құтқарушылар жеткенше өз күштерімен сөндіріп үлгерген. Жарылысқа толтырылған газ баллонды салқын жерден жылы жерге (жылы еденге) кіргізу кезінде газ ауа қоспасының көбеюі себеп болған», - делінген хабарламада.
Жарылыс салдарынан 1952 жылы туған ер адам мен 1928 жылы туған әйел адам облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілді.