Мүгедектікті сырттай анықтауға болады – Тамар Дүйсенова
Мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау үшін азаматтар 4 ұйымға жүгінуге мәжбүр

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар аурудың 12 түріне байланысты өзінің мүгедектер қатарына жататынын сырттай рәсімдей алады. Бұл туралы Сенатта Әлеуметтік кодекстің жобасын таныстыру кезінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгінде мүгедектікті белгілеу және әлеуметтік қолдау үшін азаматтар 4 ұйымға: емханаға, одан кейін медициналық-әлеуметтік қызметке, жәрдемақы тағайындау үшін ХҚО-ға, әлеуметтік қызмет алу үшін собесге жүгінуге мәжбүр.
«Проактивті формат нені білдіреді? Бұл мүгедектікті анықтаудың сырттай түрі, егер азаматқа инстанцияларға бару, құжаттар жинау қажет болмаса, тек емханаға бару жеткілікті. Содан кейін сараптама жүргізу, тиісті әлеуметтік төлемдер мен қызметтерді тағайындау өтініш берушінің қатысуынсыз, ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады.
Бүгінгі таңда бұл қызметті проактивті форматта 35 мыңнан астам адам аурудың 12 түрі бойынша алды, олардың тізбесін кейіннен кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр», - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.